Талғарда төтенше жағдайға қарсы заманауи дабыл жүйесі қосылады

АСТАНА. KAZINFORM — Талғарда селден қорғауға арналған заманауи жүйе іске қосылады. Бұл туралы ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесінің GLOFCA жобасы бойынша офицер Диана Арипханова мәлім етті.

Фото: Алматы әкімдігі

2021 жылдың сәуірінде климаттың өзгеруі жағдайында мұздықтардағы көлдердің тасқынынан Орталық Азия халқын қорғау жобасы (GLOFCA) ЮНЕСКО бастамасымен іске қосылды.

Диана Әріпханованың айтуынша, 105 мыңнан астам халқы бар Есік және Талғар қалалары Қазақстандағы пилоттық жоба аясында қамтылды. Осы ретте Талғарда 60 мыңнан, ал Есікте 40 мыңнан астам тұрғын бар.

- «Қазселденқорғау» мәліметінше, Талғар бассейніндегі 2023–2024 жылдардағы сел тасқыны гидротехникалық құрылысты толтырып, оның элементтерін зақымдаған. Бұл жағдай реттелмейтін тасқын су ағынының қаупін арттырды. Сондықтан құрылысты қалпына келтіру жұмыстары қажет болды. Жоба аясында қалпына келтіру, тазарту, зақымдалған инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары қамтылды, - деді жоба офицері.

Атап айтқанда, Талғарда заманауи мониторинг және алдын ала ескерту жүйесін енгізу жоспарланған.

— Ұлттық серіктестермен бірлесе отырып, техникалық сипаттамалар әзірленді, жабдықтар сатып алынды. Осы орайда көлді бақылаудың үш станциясы, бір гидрологиялық станция, датчиктердің он түрі бекітілді. Сонымен қатар, «Қазселденқорғау» ғимаратында деректерді нақты уақыт режимінде беру және өңдеу үшін басқару орталығы құрылды. Жүйені сынақ режимінде іске қосу тамыз айында Төтенше жағдайлар департаментімен және «Қазселденқорғау» мекемесімен бірлесе жүзеге асады, - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен ЮНЕСКО төтенше жағдайларға қатысты меморандумға қол қояды.