2025 жылғы 6 қыркүйекте Алматы облысының прокуратурасы Талғар аудандық полиция басқармасы қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабының 4-бөлігі («Лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі») бойынша қылмыстық іс қозғады. Оларға кәмелетке толмаған қызды ұрлап әкетіп, ер адамды өлтірген күдіктіні уақтылы ұстамады деген айып тағылды.
Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы облыстық соты екі қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жүріп жатқанын хабарлады. Бұрынғы полиция қызметкерлеріне тағылған айып пен қылмыстық іс баптары өзгерген.
- Алматы облысы Талғар аудандық сотында екі қылмыстық іс қабылданды. Е.есімді азаматқа қатысты іс ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабы 2-бөлігі (салғырттық) және 369-бабы 2-1-бөлігі (қызметтік жалғандық жасау) бойынша қаралып жатыр, — делінген сот жауабында.
Сот кабинетінің мәліметіне сәйкес, іс сотқа өткен жылдың соңында түскен. Оны Талғар аудандық сотының судьясы Төлебек Срайылов қарап жатыр. Сотталушыдан «ешқайда кетпеу туралы» қолхат алынып, бұлтартпау шарасы тағайындалған.
- Екінші қылмыстық іс Д есімді азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 433-бабы 3-бөлігі (қылмыстық құқық бұзушылықты қасақана жасырып қалу) бойынша қозғалған. Екі қылмыстық іс те ашық сот отырысында қаралып жатыр, — деп мәлімдеді Алматы облыстық соты.
Еске салайық, Талғарда 2025 жылғы 6 қыркүйекте жантүршігерлік қылмыс болды: бейтаныс адам ер кісіні атып, кішкентай қызды алып қашып кеткен еді. Тергеу мәліметінше, күдікті мен кішкентай қыздың анасы бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал шығып, ер адам әйелдің ағасын мылтықпен атып тастаған. Ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмған.
Кейін полицияның арнайы жасағы қызды босатып, күдіктіні ұстады. Артынша жарақат алған кішкентай қызға ота жасалды.
2025 жылдың 17 қарашасында іс сотқа жолданды. Ал 4 желтоқсанда Қаскелең қаласында алдын ала сот отырысы өтіп, төрағалық етуші судья шешімімен сот жабық режимде өтетінін болды.