Талғардағы коттедж қалашығында тау беткейінен топырақ сырғып түсті
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – 2026 жылғы 8 ақпанда сағат 10:23 шамасында Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылындағы «Бурабай» коттедж қалашығында тау беткейінен жер массасының жылжуы тіркелді. Оқиғаға кейінгі күндердегі тұрақсыз ауа райы мен топырақтың шамадан тыс ылғалдануы себеп болған.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, жылжыған топырақ Баянауыл көшесіндегі №8 және №24а жеке тұрғын үйлердің аумағына түскен. Жер массасы бетоннан салынған тіреу қабырғадан асып өткен.
– Алдын ала мәліметке сәйкес, Баянауыл көшесі №8 мекенжайында көлемі 15×5 метр болатын бастырма зақымданып, HAVAL JOLION маркалы жеңіл автокөлікке және бөлек тұрған шаруашылық құрылысының қабырғаларына зиян келген. Бұл аумақта жылжыған топырақ көлемі шамамен 465 текше метр болды. Ал №24а үйдің аумағына шамамен 5 текше метр топырақ түскен, айтарлықтай зақымдану тіркелмеген, - делінген хабарламада.
Зардап шеккендер жоқ. Әкімдіктің мәліметінше, №8 үйде үш адам, ал Баянауыл көшесіндегі №12 үйде бес адам тұрады.
Бұл аумақтағы тұрғын үйлер бұрын тау беткейін өз бетінше кесу арқылы салынған. Қазіргі уақытта беткейдің жоғарғы бөлігіндегі көшелерге кәріз желілерін тарту жобасы әзірленген. Әкімдік алдағы бюджеттік комиссия отырысында құрылыс-монтаж жұмыстарын қаржыландыру және беткейді нығайту үшін сала мамандарын тарту мәселесі қаралатынын мәлімдеді.
Қазір аумақты топырақтан тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда көктемгі су тасқынына дайындық аясында өзен арналарының шамамен 110 шақырым бөлігі тазартылып жатқанын хабарлағанбыз.