Бұл туралы бүгін Алматыда Талғат Бигелдинов тұрған үйге ескерткіш тақта орнату рәсімі барысында Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, даңқты ұшқыш Тоқтар Әубәкіров мәлімдеді.
«Талғат аға, көңілі таза, жаны жайсаң жан болатын. Оның өмірі, жасаған ерліктері біз үшін үлгі. Соғыстан кейінгі ұрпақ - бізді өзінің өнегелі өмірімен тәрбиелеген, көкке көтерген, ұшқыш еткен, отанды сүюді үйреткен осы Талғат аға болатын. Ол небәрі 23 жасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанып, қазақ халқын, Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан, мәртебесін арттырған жасампаз тұлға. Бұл мемориалды тақта енді оған керек емес. Ол тірілерге керек, Қазақстанның болашағын жасаушы өскелең ұрпаққа керек. Оның көріп: «Мен де Талғат Бигелдиновтей батыр болғым келеді, мен де ұшқыш болып, Отан қорғағым келеді», - деп алдына мақсат қоятын жастар шығып жатса, мен бұған ерекше қуанамын. Біз осындай отандасымыз болғаны үшін бақытты халықпыз», - деді Т. Әубәкіров.
Айта кетелік, салтанатты рәсімге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Талғат Бигелдиновтің жары Орындыбике Жекенқызы мен қыздары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.