Талғат Қалиев: Ендігі Үкімет Президент тапсырмаларын бітпейтін жиналыстарға көміп тастамауы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде жүктеген тапсырмалары инфрақұрылымға және өңірлерді кешенді дамытуға ерекше назар аудара отырып, әлеуметтік бағдарды таңдаған мемлекеттің бағытын айқындай түседі. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев осылай деп ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент тапсырмасына сай, әсіресе шағын қалашықтар мен ірі қалаларымыздың шет аймақтарына назардың аударылуы ерекше қуантады. Дәл осындай жерде халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған топтары шоғырланғаны белгілі. Халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту жұмысының маңызы өте зор. Бұдан басқа, маңызды шешімдердің бірі ретінде - екінші жартыжылдықтан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға арттыру бастамасын атап өтер едім. Әсіресе мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығын өсіру ісі - адами капиталға салынған жағымды инвестиция болып табылады. Бұл бағыттағы бастама өз жемісін берері анық», - дейді Талғат Қалиев.

Саясаттанушының айтуына қарағанда, инфрақұрылым, газбен және сумен жабдықтау, жолдар - бұл өмірдің сапасын жақсартумен қатар жағымды мультипликативтік әсерін тигізуі тиіс.

«Көптеген жұмыс орындары ашылып, ел боп еңбек еткеннен кейін тұтынушылардың сұранысы арта түседі. Яғни, халықтың сатып алу қабілеті артып, шағын және орта бизнестегі, экономиканың барлық секторларындағы өсімді қамтамасыз етеді. Жаңа Үкімет осынау барлық нұсқауларды шексіз жиналыстар мен есеп беру жиындарына көміп тастамай, нақты жағдайларды көруге мүмкіндік беретін индикаторларды қалай дамыту керектігін үйрену керек», - дейді саясаттанушы.

Талғат Қалиевтің пікіріне құлақ ассақ, барлық бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізудің қалыптан тыс амалы қажет.

«Себебі, бізде әдемі көрсеткіштер және шынайы адамдардың өмірі деген екі әлемнің қалыптасып қалғаны өтірік емес. Шаруа оң өзгерістерге, өмір сапасына қатысты болуы керек. Тамақ толы тоңазытқыштан бөлек, халықты дұрыс жолдар, тұрақты қоғам, маңайында жұмыс істейтін адамдардың болуы, тұрмыстағы жайлылық секілді шаруалар толғандырады. Бұл өте күрделі міндет, бірақ оған қол жеткізуге әбден болады», - дейді саясаттанушы.

Айта кетсек, бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Жиында Мемлекет басшысы халықты қолдауға арналған біршама әлеуметтік бастамалар туралы сөз қозғаған болатын.