Талғат Өтеғұлов «Атырау» телеарнасының директоры болып тағайындалды

Фото: Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы басқарма төрайымының шешімімен Талғат Өтеғұлов «Атырау» телеарнасының директоры болып тағайындалды. Жаңа директорды ұжымға басқарма төрайымының орынбасары Азамат Кеңесұлы таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талғат Өтеғұловтың жасы 44-те. Жоғары білімі бар. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетін журналистика мамандығымен бітірген.

Саладағы еңбек жолын 2005 жылы «Қазақстан» РТРК Ақтөбе филиалында жаңалықтар қызметінің тілшісі, диктор болып бастаған. Содан соң «Хабар» агенттігінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі қызметін 6 жыл атқарған.

Атырау облысындағы мұнай-сервис компанияларында қоғаммен байланыс бөліміне жетекшілік еткен. Бірқатар продакшн-студияларды құрған. 2020 жылдан осы кезге дейін жергілікті Caspian News телеарнасының продюсері болған. Осы телеарнада жаңалықтар қызметі мен тақырыптық бөлімнің шеф редакторы міндетін қоса атқарып келген.

«Қазақстан» РТРК Атырау облыстық филиалын 2022 жылдың ақпанынан бері Гүльвира Бекқұлиева басқарған еді. Ол атқаратын қызметінен өз еркімен босату туралы өтініш берген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Нұрлыбек Жеңісбекұлы Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы болғанын жазған едік. Ол еңбек жолын 2006 жылы «Қазақстан» телеарнасында тілші болып бастаған. Әр жылдары облыстық және республикалық телеарналарда редактор, сарапшы қызметін атқарған.