Фильмнің тұсаукесері Халықаралық балаларды қорғау күні аясында өтіп отыр. Режиссер Бибол есімді кейіпкері арқылы қазіргі тастанды балалар мәселесін көтеріп қана қоймай, отбасы - ошақ қасындағы проблемаларды да қозғайды. Әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас - ақша үшін әке-шешесін қарттар үйіне тапсырудан тайынбайтын адамдарды да көрсетеді. Оқиға желісі алты жасар Бибол мен Қасымxан қарияның айналасында өрбиді. Биболды үш жасында анасы саябаққа тастап кеткен. Содан ол интернатқа түседі. Ал музыка пәнінің мұғалімі, профессор Қасымxан атаның бір ғана қызы бар. Алайда ол ақшаға әбден құнығып, әкесіне үйін сатқызып, қарттар үйіне тоғытпақшы болады. Сол екі арада қария Биболды кездестіреді. Кішкентай бала қартты қиялындағы атасына ұқсатып, бірден бауыр басып қалады. Дегенмен, Қасымxан қария қызының айтқанынан шыға алмай жүреді. Циркке барып, адасып кеткен Биболды туған анасы да теледидардан көріп, іздеуге кіріседі. Сөйтіп, сезімтал әрі арманшыл бала туған анасының да, тіпті бөтен адамның жүрек түкпіріндегі сезімдерін оятады. Оқиғаның қалай аяқталғанын қыркүйек айында көруге болады.
Режиссер Талғат Теменовтің айтуынша, фильмнің жабық тұсаукесері бүгін өтсе де, қыркүйек айында оны қалың көрерменге көрсету жоспарланып отыр. "Бұл фильм 19 күнде түсірілді. Бюджеті де үлкен емес. Дегенмен, біз адамгершіліктің басты құндылықтарын көрсете білдік деп ойлаймын. Биболдың өзін екі мың баланың ішінен таңдап алдық", - дейді Теменов.
Биболдың рөлін Әнуар Төлеуғажы сомдады. Ал Қасымxан қарияны Төлеубек Аралбай ойнады. Бұдан бөлек, картинада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыка және драма театрының біраз әрістерін көруге болады. Композиторы - Төлеген Мұxамеджанов. Әнші Нұржамал Үсенбаеваның да фильмде өз дебютін жасағанын атап өткен жөн.
Аталған туынды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді. Бүгінгі жабық көрсетілімге министр Арыстанбек Мұxамедиұлы да қатысты.