Талғат Жайлауов «Номад» командасының бас бапкері болды

Фото: hcbarys.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Белгілі хоккейші Талғат Жайлауов астаналық «Номад» командасының бас бапкері қызметіне тағайындалды.

Кейінгі жылдары бапкерлікке бет бұрған ол қазірге дейін клуб жүйесінде түрлі қызмет атқарды. Өткен әлем чемпионатында Талғат Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабына кірді.

Оған Константин Пушкарёв, қақпашылар бапкері Александр Кудрявцев, жалпы дене шынықтыру бойынша жаттықтырушы Сергей Левданский көмектеседі.

«Номад» 12 шілдеде медициналық тексеруден өткеннен кейін оқу-жаттығу жиынын бастайды.

Талғат Жайлауов 1985 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Өз мансабында «Қазцинк-Торпедо», «Барыс», «Номад», «Сарыарқа» клубтарында ойнады.

Ұлттық құрама сапында ұзақ жылдар бойы еліміздің намысын қорғады.

Еске салсақ, елордалық «Барыс» командасының жаңа маусым алдындағы дайындық жоспары белгілі болды.