Талғат Жайлауов жарақатынан айықты
12:52, 24 Сәуір 2014
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Шайбалы хоккейден ұлттық құрамасының ойыншысы Талғат Жайлауов бүгін әлем чемпионатына дайындық аясында Мичурино базасында өткен ашық жаттығуға қатысты.
Хоккейшілер 1 сағатқа жуық уақыт бойы түрлі комбинацияларды пысықтау арқылы командалық әрекеттерге дайындықтарын арттырды.
Біздің команданың бапкері Ари-Пекка Селин оқтын-оқтын спортшылардың жаттығуын тоқтатып, олардың ойындарына түзетулер енгізіп отырды.
Талғаттың айдындағы қимылына қарағанда ол алған жарақатынан айыққан сыңайлы. Алдағы біріншілікте өз командаластарымен бірге ойнай алады.
Айта кетейік, Қазақстанның шайбалы хоккейден ұлттық құрамасы Әлем чемпионатының алғашқы ойынын 10 мамыр күні Германия командасымен өткізеді.
Сондай-ақ, біздің хоккейшілер Беларусь Республикасының, Латвия, Ресей, АҚШ, Швейцария және Финляндия құрамаларымен кездеседі.