2021 жылы билікке қайта келгеннен бері «Талибан» елде қатаң режим орнатып, көптеген ауған азаматын негізгі құқықтарынан айырды.
Жаңа биліктің шектеулері әсіресе әйелдерге қатты әсер етті. Оларға ер адамның еріп жүруінсіз қоғамдық орындарға шығуға, білім алуға, спортпен айналысуға және көптеген салада жұмыс істеуге қатаң шектеулер енгізілді.
ЮНЕСКО мәліметінше, шамамен 2,5 млн ауған қызы орта мектеп пен университетте білім алу мүмкіндігінен айырылған. «БҰҰ-әйелдер» ұйымының дерегіне сәйкес, қазір ауған әйелдерінің жартысына жуығы үйінен айына бір-екі рет қана шығады. «Талибан» мұндай саясат шариғат нормаларын өздерінің түсіндіруіне сәйкес келетінін мәлімдейді.
Халықаралық деңгейде тәліптер Азия мен Таяу Шығыстың бірқатар мемлекетімен бейресми байланыс орнатты.
Осы ретте Еуропалық одақ өкілдерінің Брюссельде қозғалыс өкілдерімен өткізген жуырдағы техникалық кездесуі сынға ұшырады. Кездесуде ауған мигранттарын еліне қайтару мәселесі талқыланған.
БҰҰ-ның жиырмадан астам тәуелсіз сарапшысы әлем елдерінің үкіметтерін тәліптермен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге асықпауға шақырды. Олар мұндай қадамдарды адам құқықтары, ең алдымен әйелдер мен қыздардың құқықтары саласындағы нақты, өлшенетін және тәуелсіз түрде расталған ілгерілеумен байланыстыру қажет екенін атап өтті.
Айта кетейік, БҰҰ тәліптерден әйелдерге қатысты шектеулерді тоқтатуды талап еткен еді.