«Талибан» қозғалысы НАТО-ның жаңа басшысын өздерінің бас жауы деп атады

БРЮССЕЛЬ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат – «Талибан» қозғалысы НАТО-ның жаңа бас хатшысы Анжерс Фог Расмуссенді мұсылмандардың бас жауы деп жария етті.

Интернет сайттарының бірінде Расмуссеннің НАТО басшылығына тағайындалуы тәлібтердің альянсқа қарсы күрестегі табандылықтарын одан бетер күшейтіп, олардың Ауғанстандағы әскери әрекеттерін жандандыруға себеп болып отырғандығы айтылған мақала жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Utro.ru сайтына сілтеме жасап. Естеріңізге сала кетейік, Расмуссен Дания үкіметін басқарған кезде, ол дат карикатурашыларының Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с) әжуа етіп салған газеттердегі суреттері үшін мұсылмандардан кешірім сұраудан бас тартқан болатын. Премьер-министр сол кезде өзінің бұл әрекетті айыптайтынын, бірақ оларды заң бойынша жауапқа тарта алмайтынын мәлім еткен еді.