Талибандар билікті алғанда Ауғанстаннан ұшып шыққан ұшақтар Өзбекстанда қалатын болды

АСТАНА. Kazinform – Вашингтон-Ташкент келісіміне сәйкес, «Талибан» Кабулды басып алған кезде Ауғанстаннан Өзбекстан аумағына ұшып өткен бірқатар әскери ұшақтар, тікұшақтар және басқа да техникалар Өзбекстанда қалатын болды. Бұл туралы The Khaama Press хабарлады.

Фото: www.khaama.com

Ауғанстандағы «Талибанның» уақытша үкіметіндегі Қорғаныс министрлігі АҚШ пен Өзбекстан арасындағы бұл келісімді “қисынсыз” деп атады.

«Талибан» АҚШ-пен жасалған бұл келісімді қолдамайтынын, Өзбекстаннан бұрынғы үкіметтің ұшақтарын Ауғанстанға қайтаруды талап ететінін айтқан. Талибандар билікті қолға алғанға дейін Ауғанстанда 164 жауынгерлік ұшақ болған, қазір олардың саны 81. Өйткені Ауғанстан әуе күштерінің ұшқыштары ұшақтар мен тікұшақтардың бір бөлігін Өзбекстан мен Тәжікстанға алып өтіп үлгерген. Осы кезде АҚШ-тың Ташкенттегі елшісі Джонатан Хеник Ауғанстанның бұрынғы әскери ұшақтарының тағдыры туралы Өзбекстанмен келісімге келіп, олардың Вашингтонға тиесілі екенін мәлімдеді. Вашингтон-Ташкент келісімі бойынша, бұрынғы Ауғанстан үкіметінің ұшақтары Өзбекстанда қалды.

Хеник ұшақтардың ешқашан ауғандықтардікі болмағанын, ауғандық әскерилердің оларды пайдаланғанын, бірақ меншік құқығы әрқашан АҚШ-та қалғанын атап өтті.

Бұған жауап ретінде «Талибан» уақытша үкіметіндегі Қорғаныс министрлігі бұл келісімді қабылдамайтынын айтып, көршілестік қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталып, Өзбекстаннан Ауғанстан Әскери-әуе күштерінің ұшақтарын Талибан әкімшілігіне беруде ынтымақтасуды сұрады.