Тәлібтер Ауғанстан президенттігіне басты үміткерге қастандық жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстанда Абдулла Абдулланың президенттік орнына басты үміткерлердің біріне қастандық жасалды. Иран БАҚ таратқан ақпарат бойынша, тәлібтер оған шабуыл жасаған.

Сәрсенбі күні Кабул провинциясында 54 жастағы бұрынғы сыртқы істер министрінің автокөлігіне ол Нангархар провициясындағы сайлауалды митингісінен қайтып келе жатқанда оқ жаудырылған. Оқиға салдарынан Абдулланың үш оққағары өлім құшты, тағы бірнешеуі жараланды.

Росбалттың атап өтуінше, таяуда Гератта саясаткердің екі серіктесі өлтірілген.

Айта кетейік, 2014 жылдың 5 сәуіріне белгіленген президент сайлауына қатысуға 11 үміткер тіркелген. Олардың бәріне сайлауалды науқанды өткізу үшін бронетранспортерлар мен оққағарлар берілген.