Тәлібтер бір ай бойы оқ атпайтын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Пәкістандық тәлібтер ел билігімен келіссөздерді жандандыру үшін бір ай мерзімге қақтығыстарды доғаратынын жариялады. Бұл туралы «Талибанның» өкілі Шахидулла Шахид мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, тәліб командирлері қозғалыстың барлық мүшелерін осы шешімге сыйластықпен қарауға шақырды.

Айта кетейік, жақында тәлібтер мен билік арасындағы келіссөздер жүргізу талпынысы сәтсіз аяқталды. Тәлібтер өздеріне қарсы әскери операциялар тоқтатылғаннан кейін келіссөздерді жандандыруға даяр екенін мәлімдеген болатын. Бұдан бұрын Пәкістан премьері Наваз Шариф тәлібтердің базаларына әуеден соққы беруге рұқсат берген болатын.