Жақында осы кітаптың үшінші бөлігі сатылымға шықты. Онда Қарағанды балалар үйінің тәлімгерлері мен қамқоршыларының өзара қарым-қатынасы туралы әңгімелер жинақталған.
Алғашқы екі бөлім Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан келген «Тәлімгерлер» жобасының қатысушыларына арналған.
Бұл кітап неліктен пайда болғаны және кімге қызықты болатыны жайлы жоба жетекшісі Айнұр Армурзина айтып берді.
«Бұл кітаптың не туралы екенін түсіну үшін «Тәлімгерлер» жобасы туралы білу керек. Оны 2014 жылы «Дара» қайырымдылық қоры басқа коммерциялық емес ұйымдармен серіктестікте іске қосқан. Қордың өзі өз жобаларын 14 жылдан астам уақыттан бері жүзеге асырып келеді. Біздің негізгі бағытымыз – ерекшеліктері бар балаларға және балалар үйінің балаларына даму үшін мүмкіндік беру, оларға білім алуға және қоғамда әлеуметтенуге мүмкіндік беру», – деп санайды Айнұр Армурзина.
«Тәлімгерлер» жобасының мақсаты – ересек досы арқылы балалар үйіндегі жасөспірімге қоғамға бейімделуге көмектесу.
Бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 4 мыңнан астам бала бар.
Бұл негізінен 10 жастан асқан балалар. Қиындықтардан қорыққан қазақстандықтар жасөспірімдерді сирек асырап алады. Сонымен қатар, олардың көпшілігін асырап алу мүмкін емес.
Олардың ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылмауы, бас бостандығынан айыру орындарында болуы, хабар-ошарсыз кеткен деп есептелуі мүмкін.
Сонымен қатар, заң бойынша бауырлар мен әпкелерді бөлуге болмайды.
«Тәлімгерлер» жобасы осындай жасөспірімдерге ересек дос ұсынуға арналған. Оны әлеуметтендіріп, балалар үйінен шыққаннан кейін тәуелсіз өмірге дайындау көзделген. Себебі көбінесе балаларда қарапайым тұрмыстық және қарым-қатынас дағдылары болмайды. Біз барлық балалардың қоғамымыздың толыққанды азаматы болуға тең мүмкіндіктерінің болғанын қалаймыз», – дейді жоба жетекшісі.
Қарағандыда «Тәлімгерлер» 2015 жылы іске қосылды. Жобаға төрт балалар үйі – «Әсем», «Таңшолпан», «Құлыншақ» және Теміртау қаласындағы SOS балалар ауылының балалары қатысады.
«Кітапта біз сенуге, достасуға және ең жақсысына сенуге үйренген жоба қатысушыларының жеке тәжірибелерін жинадық. Психологтардың жасөспірімдердің ата-аналарына арналған пайдалы ұсыныстары, тәжірибелі үйлестірушілердің пікірлері бар. Жалпы, осындай оқиғалардың арқасында біз бәрі бекер емес екенін түсінеміз. Жылдам нәтиже болмайды, бірақ жақсы жаққа өзгеріс бар. Мысалы, жоба жұмыс істеген уақытта 20 баланың тәлімгерлері асырап алушы ата-ана бола алды», – дейді Айнұр Армурзина.
Кітап қалың оқырман қауымға қызықты болады.
Ол өзін дамыту туралы ойлайтын, қайырымдылық пен еріктілікпен таныс, балаларға көмектескісі келетін және дайын адамдарға арналған.
Басылымды электронды түрде үш тәсілмен сатып алуға болады: «Дара» қорының сайты мен «ЛитРЕС» сайтында, сондай-ақ қордың Instagram-парақшасындағы чат-ботта.
«Болашақта біз кітапты баспа түрінде шектеулі мөлшерде басып шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір барлық түскен қаражат балалар үйлері мен жасөспірімдер үйлерінің жасөспірімдеріне арналған білім курстарына, репетиторларға ақы төлеуге жұмсалады. Бұл - ҰБТ-ға дайындық, шет тілдерін үйрену. Жасыратыны жоқ, балалар жоғары оқу орындарына сирек түседі. Негізінен олар колледждерге бағыт бойынша барады, ал бұл әрдайым сұранысқа ие мамандықтар емес. Оларда таңдау мүмкіндігі шектеулі болады. Қазіргі уақытта репетиторлар Алматы балалар үйінің тәрбиеленушілерімен айналысады. Егер жеткілікті қаражат жиналса, қор «Тәлімгерлер» жобасы іске қосылған барлық 13 қалада курстар ашуды жоспарлап отыр», – деді Айнұр Армурзина.