***
Кеше Француз Республикасының Президенті Николя Саркози мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны «Ықпалдастықтан терең ынтымақтастыққа» деген тақырыппен мәртебелі мейманның еліміздегі мемлекеттік сапары туралы жазды. «Француз Республикасының Президенті Николя Саркозидің Қазақстанға сапары екі елдің арасындағы ғана емес, Еуропа мен Азияның арасындағы байланыстардың маңызды белесіне айналады», - дейді басылым.
«Жыраудың Қырық батыры». Осы тақырыппен берілген аталмыш басылымдағы келесі мақала «Маңғыстаудың гомері» атанған белгілі жырау Мұрын Сеңгірбековтың өмірі туралы жазады
***
«Осылайша тарихта тұңғыш рет Француз елінің басшысы қазақ топырағына табан тіреді. Өзінің өте әсершіл адам екендігін мойындаған Саркози мырза осы сапары қарсаңында қатты толқығандығын айтады. Тіпті қазақтың тереңге тартқан тарихы жайында біраз мағлұмат алыпты», - деп жазған «Айқын» газетінің бүгінгі саны да «Біз Орталық Азияның алыбын көруге келдік» деген тақырыппен Француз Республикасының Президенті Николя Саркозидің сапарына назар аударыпты .
«Тәлімсіз тәрбиеші бала бақса, ұшпаққа жеткізе ме балабақша?» деген сауалған құрылған аталмыш басылымның бүгінгі санындағы келесі мақала бүгінгі бала тәрбиесіндегі келеңсіздіктер жайында сөз қозғапты. «Бауыр еті баласы үшін ата -ана байғұс отқа да, суға да түседі. Ал бүгінгінің «оты да», «суы да» балабақша болып тұр. Қазір мемлекеттік деңгейдегі қазақтілді бала бақшалар жоқтың қасы. Барының бағасы аспандағы айдың құнына парапар. Осының салдарынан «қысқа жібі күрмеуге келмейтіндер» кезекке тұрып, мемлекеттік балабақшадан қайыр күтеді. Ал қалтасы қалың ата - аналар балабақшаның бағасына бас ауыртпайды. Тәрбиешіге қалаған сомасын береді де, баланы үйде баққызады», - дейді басылым.
«Мемлекеттік қолдау мен инвестициялық бағдарлама мал шаруашылығына бағытталуы тиіс», - дейді Қазақстан мал өсірушілері қауымдастығының президенті, ұлттық ғылым академиясының академигі Көпмағамбет Елемесов.
«Айқын» газетінің бүгінгі «Ақ сөйле!» айдарындағы сұхбат еліміздегі мал шаруашылығының өткен кезеңдері мен соңғы жылдардағы даму барысы жайлы сөз қозғайды.
***
«Жас Алаш» газетінің кешегі санындағы «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын?» деген өзекті тақырыпқа құрылған мақала жастар құқығын қорғау мәселесін ортаға салыпты.
***
Франция Президенті Н. Саркозидің Қазақстанға сапарын «Казахстанская правда» газеті де кеңінен жазды. Басылым Елбасы мен Француз Президентінің екі жақты және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерінің нәтижелеріне, қол жеткен уағдаластықтар мен ынтымақтастықтың болашақ көкжиектеріне егжей-тегжейлі көз жүгірткен.
«Казахстанская правда» газеті сондай-ақ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтей отырып, кеше Астанада Премьер-министрдің кәсіподақ басшыларымен жұмыс бабындағы кеңес өткізгеніне тоқталған. Онда бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын көтеру мәселесі қаралып, сол бойынша тиісті ұсыныстар енгізу үшін министрліктер мен кәсіподақ өкілдерінен құралған жұмыс тобын құруға тапсырма берілген.
«Бізде ұлттық идея бар деп есептеймін. Ол - Қазақстанның тәуелсіздігі. Меніңше, бұл мемлекет пен қоғам тұрғысынан ең жоғарғы құндылық», - дейді ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев «Литер» басылымында. Таяуда өткен Қазақстан саясаттанушылары конгресін қорытындылаған «Литер» М. Әшімбаевпен сұхбатында демократия қағидалары, қоғамның дамуы және ұлттық идея төңірегіндегі ой-пікірлерді ортаға салған.