ТалпынХалық–2025: Маңғыстауда жастарға арналған алғашқы стартап байқау қорытындыланды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында «ТалпынХалық–2025» атты алғашқы өңірлік жастар стартап байқауы аяқталды. Сонымен қатар, педагогикалық кәсіптік бағдар берушілерге арналған «Кәсіптік бағдар – табысқа бастар жол» байқауының да қорытындысы жарияланды.
Байқаулар Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры жүзеге асырып отырған «Тәлімгер» бағдарламасы аясында өтті. Сондай-ақ бұл шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялауымен өткен «Жұмысшы мамандықтары жылы» тұжырымдамасымен үндес ұйымдастырылды.
Жоба белсенді жастарды қолдауға, қолданбалы кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға, сондай-ақ өңірдегі білім беру жүйесінде кәсіптік бағдардың рөлін күшейтуге бағытталған тиімді практикалық алаңға айналды.
Идеядан дайын жобаға дейінгі жол
«ТалпынХалық–2025» байқауы қазанда басталып, Маңғыстау облысындағы колледж студенттері тарапынан зор қызығушылық тудырды. Жалпы 78 өтінім қабылданып, іріктеу нәтижесінде 45 жоба жартылай финалға өтті, ал үздік 26 команда финалда өз стартап-идеяларын ұсынды.
Қатысушылар өңір үшін басым бағыттар бойынша жобалар әзірледі: экология, білім беруге арналған цифрлық шешімдер, инклюзивті қызметтер, туризм, әлеуметтік кәсіпкерлік, энергия тиімділігі және «жасыл» технологиялар. Финалда командалар тәуелсіз сарапшылар алқасының алдында жобаларын қорғап, бизнес-модельдерін, экономикалық пайдасын және іске асыру әлеуетін таныстырды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Гран-при және 1 млн теңге көлеміндегі жүлдені Маңғыстау өнер колледжінің студенттері әзірлеген, үй жағдайында дамуға арналған онлайн-тренажёр — «UMiT» жобасы жеңіп алды.
Жүлделі орындарға өндіріс, цифрлық шешімдер және креативті индустриялар бағытындағы жобалар да ие болды.
Сондай-ақ, алты командаға өз идеяларын әрі қарай дамыту мен кеңейтуге мүмкіндік беретін жазғы бизнес-лагерьге жолдама табысталды.
Көрсеткіш емес, тәжірибе керек
Ұйымдастырушылар байқаудың басты нәтижесі — тек жүлделі орындарды бөлу емес, қатысушылардың бойында нақты кәсіпкерлік құзыреттердің қалыптасуына үлес қосу болғанын айтады. Жоба барысында студенттер идеядан бастап дайын стартапқа дейінгі жол, менторлық қолдау, жобаны таныстыру, қаржымен жұмыс істеу және жұмысын қорғау сияқты барлық кезеңнен өтті.
«Тәлімгер» жобасының жетекшісі әрі Halyk қорының білім беру жобалары жөніндегі атқарушы директоры Айгүл Ахметованың айтуынша, «ТалпынХалық» — жастарды мүмкіндікті көріп, өз өңіріне қажет шешім ұсынуға үйрететін тәжірибе мектебі.
Кәсіптік бағдар — жүйелі жұмыс
Педагогтер арасындағы «Кәсіптік бағдар — табысқа бастар жол» байқауына облыс бойынша шамамен 50 маман қатысып, іріктеу қорытындысымен 10 педагог үздік деп танылды.
Байқау үш бағыт бойынша өтті: кәсіптік бағдардың креативті форматтары, цифрлық кеңістіктегі кәсіптік бағдар және жеке кәсіби бағдарлаушы.
Жеңімпаздарға Halyk қорының ақшалай жүлделері табысталды, ал 11 педагог белсенділігі, кәсіби шеберлігі және жастармен жұмыстағы үлесі үшін жазғы бизнес-лагерьге жолдамамен марапатталды.
Өңірді дамытудағы экожүйелік тәсіл
«ТалпынХалық–2025» — Halyk қорының Маңғыстау облысындағы кең ауқымды экожүйелік жұмысының бір бөлігі. 2023 жылдан бері қор өңірдің дамуына инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардан бастап, білім, спорт және экология салаларына дейін 5 млрд теңге бағыттады.
Бұл байқау білім мен экономиканы байланыстыратын маңызды көпірге айналып, жастарға идеядан — дағдыға, дағдыдан — нақты жобаға дейінгі жолды жүйелі түрде еңсеруге көмектеседі. Жастар әлеуеті жоғары өңір үшін тұрақты даму траекториясын қалыптастырып, жаңа өсімді айқындайды.
«ТалпынХалық–2025» байқауы — адам капиталына салынған инвестицияның нәтижесі. Жобада жастардың бастамалары, жаңа құзыреттері және өз өңірінің дамуына жауапкершілік алуға дайындығы нақты көрініс тапты.