Тәліптер әйелдерді қамауға ала бастады

Фото: Euronews

АСТАНА. KAZINFORM – Ауғанстандағы «Талибан» уақытша үкіметі киім кию тәртібін бұзған әйелдер мен қыздарды қамауға ала бастаған. Бұл туралы Euronews хабарлады.

БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясы 16-19 шілде аралығында Кабулда хиджаб немесе исламдық жаулық тағу талаптарын орындамаған «көптеген» әйел мен қыздың қамауға алынғанына алаңдаушылық білдірді. Алайда ұсталғандардың нақты саны, жасы немесе қайда ұсталып отырғаны жөнінде ақпарат берілмеді.

— Бұл шаралар әйелдер мен қыздарды одан әрі оқшаулап, қоғамда қорқыныш қалыптастыруға және жұртшылық сенімін жоюға бағытталған, — делінген ұйым мәлімдемесінде.

БҰҰ миссиясы «Талибан» үкіметін әйелдер мен қыздардың адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын шектейтін «саясат пен тәжірибеден», соның ішінде 6-сыныптан кейін білім алуға тыйым салудан бас тартуға шақырды.

Айта кетейік, 2022 жылдың мамыр айында «Талибан» әйелдерге тек көзі ғана көрінетін пәренже (ниқаб) кию жөнінде жарлық шығарған. Жарлыққа сай, әйелдер бастан аяқ тұмшаланып жүруі тиіс.

2024 жылғы қаңтарда уақытша үкіметтің ар-ождан және әдеп министрлігі Ауғанстан астанасында «хиджабты дұрыс кимегені үшін» әйелдердің қамауға алынғанын хабарлаған болатын. Министрліктің баспасөз хатшысы Абдул Ғафар Фаруқ қанша әйел ұсталғаны жөнінде ақпарат бермеген.

Бұған дейін Ауғанстанда тәліптер әйелдерге радиодан хабар таратуға тыйым салғанын жаздық.