Вице-министрдің айтуынша, қазіргі жағдайда су ресурстарын тиімді басқару үшін нақты деректер, уақтылы болжамдар, ашық есеп жүргізу және заманауи цифрлық құралдар қажет. Бұл ретте су ресурстарын болжау мәселесі ерекше маңызға ие.
— Бүгінде тек қазіргі жағдайды тіркеп қана қоймай, алдағы айларда, су тасқыны кезеңінде немесе су аз болатын уақытта гидрологиялық ахуалдың қалай қалыптасатынын алдын ала болжау маңызды. Осы бағытта министрлік БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен бірлесіп, Германияның TALSIM жүйесін бейімдеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жүйе бізде Нидерландтың Delft-FEWS платформасымен бірге жұмыс істейді және Қазақстан жағдайына икемделген. Жүйе су қоймаларына келетін су көлемін болжауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазгидрометтің гидрологиялық бекеттерінен алынатын деректер белсенді түрде пайдаланылады. Гидробекеттермен интеграцияның арқасында TALSIM жүйесіндегі модель нақты ақпаратты қабылдап, өңдейді және кейінгі талдау мен шешім қабылдау үшін болжамдар қалыптастырады, — деді Аслан Абдраимов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта TALSIM-NG жүйесін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірлеген Tasqyn жүйесімен байланыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. TALSIM арқылы қалыптасқан болжамдық ақпаратты Tasqyn жүйесіне жіберіп, оны су тасқыны қаупін алдын ала ескертуге, деректер алмасуға және жедел шешімдер қабылдауға пайдалану. TALSIM ықтимал су жағдайын есептеп, болжауға көмектессе, Tasqyn бұл ақпаратты ескерту және әрекет ету жүйесінде қолдануды қамтамасыз етеді.
— Қазіргі таңда аталған модельдер Қазақстанның сегіз ірі өзен бассейнін қамтиды. Алдағы уақытта бұл жұмысты кеңейтіп, елдегі барлық негізгі өзендерді қамту жоспарланып отыр, — деді ол.
Спикердің сөзінше, TALSIM — жай ғана бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу емес, ұлттық гидрологиялық модельдеу жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба. Оған қоса министрлік қар жамылғысын мониторингтеу және су тасқынын болжау саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі бір ай ішінде іске қосылады.