Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалау міндетін бір органға тапсыру мәселесін әлі де зерделеу керек. Себебі бәрін бір министрлікке тапсырылған күннің өзінде осы саладағы жағдай бірден түзеліп кетпейді.
«Бақылау шараларын бір органнан екіншіге тапсырғаннан кейін жағдайымыз өзгереді деп айта алмаймын. Қазіргі шараларды толыққанды іске асыруға не кедергі? Алдымен осыны анықтауымыз қажет. Неге бақылау дұрыс жүргізілмейді? Бір нәрсені жетілдіреміз бе, жоқ, әлде, өзіміз дұрыс жұмыс жасап жатқан жоқпыз ба, осыны зерделеп шығу керек», - деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.
Үкімет басшысының айтуынша, бақылау шараларын бір мемлекеттік органға тапсыру жағын да жан-жақты қарастыру қажет.
«Одан нақты нәтиже шыға ма? Бақылау шаралары күшейіп, одан бизнес қиналып кетпей ме? Осы жағын да ескеру керек. Бақылау функциясын бір органнан екіншіге бере салған жеңіл ғой», - деп атап айтты Б.Сағынтаев.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау саласында бірыңғай органды белгілеу мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған міндетті толығымен өзіне жүктеуді сұрап отыр. Ал Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев тәркіленген тауарлардың жойылатынына күдіктенді.