Тамара Дүйсенова әр төртінші балаға 5 мың доллар төлеу ұсынысына пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің бірлескен алқа мәжілісінен кейін әр төртінші балаға 5 мың доллар төлеу ұсынысына пікір білдірді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Бұл жөнінде айтсақ, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» деген жоба іске аса бастады ғой. Соған сәйкес сол қаражаттың бәрі балалардың бастапқы капиталы ретінде есептеледі. Сондықтан біз ол мәселені төртінші бала емес, барлық балаларға беру арқылы 18-ге дейінгі балалардың бәрінің бастапқы капитал мәселесі шешілді деп айтуымызға болады», - деді ол БАҚ өкілінің сауалына берген жауабында.

Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева сол кездегі Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында елдегі демографиялық ахуалды «Отбасы капиталы» бағдарламасы арқылы жақсартуды ұсынған болатын.