Тамара Қасымқызы мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ең алдымен «Өрлеу» жобасына қатысушы шымкенттік тұрғын Айнұр Жаманқұлованың шаңырағында болды. Жаңадан өз ісін ашып, жұмыс бастаған келіншек «Өрлеу» бағдарламасымен 462 мың теңге көлемінде қаражат алған. Ол ақшаға тігін машинасын алып, қазір әйелдерге арналған сәнді киімдер тігумен айналысуда.
«Мен бұған дейін есепші болып жұмыс істегенмін. Кейін бес баланы өмірге әкелген соң оларға күтім жасауым керек болды. Оның үстіне екі перзентім гидроневроз дертімен ауырады. Сондықтан маған үйде отырып жұмыс істеу қажеттілігі туды. Тігін машинасын алған соң алдымен туыстарыма төсек жабдықтары мен кіимдер тіге бастадым. Кейіннен тапсырыстар түсе бастады. Қазір отбасыма жетерлік табыс табудамын. Болашақта қасыма көмекшілер алып, ісімді өркендетсем деймін», - дейді Айнұр Жаманқұлова.
Тігінші әйелдің жұмысымен танысқан Еңбек министрі дайын өнімдердің сапасына жоғары баға берді. Әрі көпбалалы анаға болашақта кәсібін өркендетуге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалғанын түсіндіріп кетті.
«Сізге болашақта қасыңызда жұмысшылар алғыңыз келсе жергілікті Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, өтініш жасайсыз. Ондағылар тиісті құжаттар толтырып болған соң, «Жастар практикасымен» сізге жұмысшылар жібере алады. Оларға 6 ай көлемінде айлық мемлекет тарапынан төленеді. Алты айдан кейін «әлі де оларға айлық төлеуге шамамыз келмейді, әлеуметтік жұмысшылар керек» десеңіз 35 пайыз жалақысын мемлекет төлейді, қалғанын өзіңіз бересіз. Сонда бір жарым жыл бойы осындай жеңілдіктер ала аласыз», - деді министр.
Министр сапары барысында «Стандарт Цемент» ЖШС-іне болып, зауыт жұмысымен танысты. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде құрылған әлеуметтік жұмыс орындарына қатысушылармен әңгімелесіп, жұмысшылардың мәселелерін тыңдады. Зейнетақы, жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты сауалдарына жауап берді.
Бүгінде 700-ге жуық жұмысшысы бар «Стандарт-Цемент» зауыты 2011 жылы құрылған. Цемент өндіріп, оны сатумен айналысатын серіктестік жылына 2 млн тонна өнім өндіреді. Мұндағы цемент өнімдері Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Тәжікстанға саудаланады.