«Ұлттық жобалардың тағы бір бағыты – мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарын құру арқылы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Қазір бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіш республика көлемінде орындалды. Қазір субсидия берілетін жұмыс орындарына қамтылған 152 мыңнан астам азаматтың 41 пайызын жастар құрап отыр. Мұндай жұмыс орындарының негізгі мақсаты жастардың нақты машықтар мен дағдыларды игеріп, әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасуында. Есепті кезеңде аталған көрсеткіштің ең жоғары мәні Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарының еншісінде», - деді ол.
Алайда, министр кейбір өңірлердің бұл көрсеткішке қол жеткізе алмай отырғандығын айтты.
«Мысалы Шымкент қаласында бағдарламаға қатысқан азаматтардың ішінде тек 8,9 пайызы, Түркістан облысында 13,5 пайызы және Павлодар облысында 25,1 пайызы ғана тұрақты жұмысқа орналастырылған. Жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша да ахуал дәл осындай сипатта болып отыр. Жаңа ғана айтылған 3 облыс мұнда да көштің соңында тұр», - деді Тамара Дүйсенова.
Фото: gov.kz