Аталған жобаның негізгі мақсаты - мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыру, олардың жүріп-тұру жағдайын жақсарту.
«Қазіргі кезде біз осы жобаны қайта қарап, оның маңыздылығын күшейтуді көздейміз. Соның аясында нақты көмек берілуі шарт, нақты жұмыстар атқарылуы қажет. Осы орайда, біз нақты төрт басымдықты белгіледік. Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына ыңғайлы әрі кедергісіз жағдай жасалуы қажет. Екіншіден, осы санаттағы балалардың инклюзивті білім алуына көмектесуіміз керек. Үшіншіден, мүгедектерге тұрақты жұмысқа тұруына қамқорлық жасау. Олар ақша тауып, өзін-өзі асырай білуі керек. Төртіншіден, осы саладағы заңнаманы жетілдіру. Дәл осы төрт басымдықтың аясында біз «Кедергісіз келешек» жобасын қайта жасақтап, нақты жұмыс жасайтын боламыз», - деді М.Әшімбаев Астанада өткен кеңесте.
Оның айтуынша, ортақ жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар да атсалысуы қажет. «Кедергісіз келешек» жобасы нақты нәтиже беру шарт.
«Ертең жай статистикамен айнылысып кетпейік, мониторинг жасап және тағысын тағы. Біздің жобамыз мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартуы қажет. Партия тарапынан бұл мәселені Тамара Дүйсенова (Нұр Отан» партиясының хатшысы- авт.) үйлестіретін болады. Бұл кісіні бәріңіз жақсы білесіздер. Ол xалықты әлеуметтік қорғау саласында біраз уақыт еңбек етті. Министр болды. Тәжірибесі мол. Онымен бірге біз «Кедергісіз келешек» жобасына жаңаша серпін беруіміз керек», - деп атап көрсетті М.Әшімбаев.
Айта кетейік, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау мәселесі бойынша есеп берді. Ал «ЕLAMAN» әлеуметтік-инновациялық жобалар қорының төрағасы Алмаз Ержан мүгедектерге жағдай жасаудың кемшін тұстарын атады. "Пандус, пандус дейміз. Мысалы, дәл қазір мен әкімдікке қалай кірдім? Бұл жерде дені дұрыс пандус та жоқ. Сол үшін әкімдікті неге жауапқа тартпайды? Неге айыппұл салмайды? Неге әкімдікті ешкім тексермейді? «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесін алайық, ол жақта мүгедектерге арналған дәретxана жоқ. Ол да дұрыс емес. Заң бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы да шектеліп отыр», - деп атап көрсетті ұйым басшысы.