Тамыр ұстау арқылы адам денсаулығындағы кінәратты білуге бола ма – маман жауабы

Фото: Фото: Ақжарқын Дәулетұлының жеке мұрағатынан

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Қазақ халқының ерте заманнан медицинадан да жеткілікті білімі болғаны белгілі. Ол атадан балаға беріліп, уақыт сынынан өтіп, мол тәжірибенің жиынтығы негізінде қалыптасқан. Соның бірі – тамыр диагностикасы. Петропавлдық дәрігер Ақжарқын Дәулетұлы тамыр ұстау арқылы дертті анықтау қаншалықты мүмкін екенін айтып берді. 

– Көпшілік тамыр ұстап диагноз қою дегенді бақсылық деп ойлайды. Сенімсіздікпен қарап күмәнданып жататындар да баршылық. Дәстүрлі қазақ емшілігінде тамыр ұстап диагноз қою – ежелден келе жатқан әдістің бірі. Оған XV ғасырда ғұмыр кешкен, көрнекті ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі дәлел. Осыдан 5 ғасырдан астам уақыт бұрын жазған медициналық үлкен ғылыми шығармада дәл осы тамыр ұстап диагноз қою туралы жазылып сақталған.

Тамыр ішкі және сыртқы болып екіге бөлінеді. Шипагер кей науқас адамға «сыртыңды қара жел буып алған» десе, енді біріне «ішкі органдарды ыстық алған» екен дейді. Былай деу тамыр райын анықтау бойынша белгілі болып жатады және дәрігердің тәжирбесіне де байланысты, - дейді Ақжарқын Дәулетұлы. 

Фото: Ақжарқын Дәулетұлы

Шығыс медицинасын меңгерген маманның айтуынша, қазақ емшілігінде негізінен тамыр ұстап қана ауыру белгілерін анықтамаған, жалпы қазіргі заманауи дәрігерлер сияқты науқас адамға жалпы диагностика жасалған. 

– Науқас емшіге келгенде, бірінші – шипагер науқас адамды толық қарап жалпы тексерістен өткізген. Екінші – келген емделушіден сұрап, жағдайын, қашаннан бері сырқаттанғанын, қазіргі уақытта өзін қалай сезінеді және қай жері ауырып тұрғандығын білген. Үшіншіден, қолымен ұстап көру, яғни сырқат адамның ауырып тұрған жерін ұстап, сипап, басып тексерулерден өткізген.

Төртінші – өң-әлпетіне қарап тексеру. Мысалы тері ауруларын, басқа да сырқат белгілері бар ма екеніне көз жеткізген. Мәселен, көп уақыт науқастанған адамның өң-әлпетінде өзгерістер болады. Түрі сарғаю, бозғылттану, көкшіл тарта бастауы, көз алдының ісінуі, қол-аяқтың ісінуі, кеуде және құрсақ бөлімінің ісінуі деген сияқты белгілердің болуы да көптеген ауру белгілерін аңғартқан.

Бесіншіден – шаштың түсуі, шаштың майлануы. Тырнақтың қисайып өсуі, тырнақтың сынғыштығы, тырнақтағы ойық белгілердің болуы, тырнақтағы сызықтар, тырнақтың доғалдануы, сүйірлеп өсуі – бәрі де адам ағзасында қандай да бір дәрумен-минералдардың жетіспеушілігінен болатын құбылыс екенін байқатқан. Алтыншы – тіл өңезіне қарап ауру белгілерін анықтауғы да болады, - дейді дәрігер. 

Маманның айтуынша, науқастың тіліне қарап, ағзалардың ішкі күйі, энергияның қозғалысы және патологиялық өзгерістер анықталады. Бұл әдіс қазіргі медицинада да кейбір жағдайларда қосымша көмекші ретінде қолданылады екен.

– Тілдің түсіне қараймыз, қызғылт немесе ашық қызыл болса, бұл – қалыпты, дені сау адамның тілі. Ашық боз тіл – қан аздық (анемия), әлсіздік, суық тию белгісі. Қою қызыл – қабыну процестері, ағзада ішкі қызудың барлығын аңғартады. Көгілдір немесе күлгін – қан айналымы бұзылысы, гипоксияны білдіреді.

Тілдің пішіні де білген адамға көп хабар береді: ісінген, қалың тіл – көкбауыр мен асқазанның әлсіздігі, артық ылғалдың жиналуы.

Жіңішке, арық тіл – сұйықтықтың жетіспеушілігі, қан аздық, әлсіздік. Тілдің жанындағы тіс іздері – көкбауыр әлсіздігі, - дейді дәрігер. 

Сондай-ақ тілдегі жабынның түсі де маңызды, бұл да дерт жайында мағлұмат береді.

– Тілдің үстіндегі ақ жабын – суық тигендігінің белгісі. Сары жабын – қабыну, қызу болғанда пайда болады. Қалың жабын – ас қорыту жүйесінде тоқырау, инфекциялардың барлығын көрсетсе, жабындының жоқтығы – асқазан сұйықтығының аздығын көрсетеді. 

Тілдің бетіндегі жарықтар – сусыздану, ағзаның әлсіреуінің көрінісі. Құрғақтық – ішкі қызудың белгісі. Ылғалдылық – ағзадағы ылғалдың көптігі. Дірілдеген тіл – жүйке жүйесінің әлсіздігі, әлсіреу. Қозғалмайтын тіл – инсульт, жүйке-бұлшықет аурулары. Бұл – қарап тексеру, - дейді Ақжарқын Дәулетұлы.

Фото: Ақжарқын Дәулетұлының жеке мұрағатынан

Маман тамыр ұстаудың да өз әдісі барлығын айтады. Әдетте, тамырды білектің ішкі жағынан ұстайды. Жалпы алғанда, тамырды кәрі жіліктің басынан, тамырдың таяз жерінен, оң және сол қолдан ұстайды екен. 

– Екі қолдың тамырын бір қолмен ұстау дұрыс емес. Сол себепті, міндетті тұрде екі қолдың тамырын, дәрігер де екі қолымен ұстап тексерген дұрыс. Науқастың оң білегінен, шипагер сол қолымен ұстаса, науқастың сол білегінен емші оң қолымен ұстайды. Әр қолда үш негізгі нүкте бар. Олар: жоғарғы, ортаңғы және төменгі нүктелер. Жоғарғы нүктені сұқ саусақ пен басып ұстайды, ортаңғы нүктені ортаңғы саусақпен, ал төменгі нүктені аты жоқ саусақпен басып ұстайды.

Әр қолдағы үш негізгі нүктелер нені білдіреді? Мәселен, жоғарғысы – жүрек, өкпе, ішек; ортаңғы – бауыр, көкбауыр, асқазан және төменгісі арқылы бүйрек, қуық жағдайын және әйел адамның жатырының ыстық немесе суық екендігін анықтауға болады.

Тамыр соғысының сипаттамаларына тоқталсам: жылдамдығы – баяу, қалыпты, жиі; тереңдігі – үстіңгі, ортаңғы, терең; күші – әлсіз, орташа, күшті; ырғақтығы – тұрақты, тұрақсыз және текстурасы – жұмсақ, қатты, серпімді болып бөлінеді, - дейді маман.

Осы белгілеріне қарап-ақ адамның денсаулығы жайында көп мағлұмат алуға болады. 

– Егер тамыр өте әлсіз және баяу болса – бұл энергияның жетіспеушілігі мен қан айналымының бұзылуын көрсетеді. Тамыр тым жиі соқса – бұл ағзада қабыну процестерінің бар екенін білдіруі мүмкін. Тамыр терең және әлсіз болса – ішкі мүшелердің әлсіреуін білдіреді. Тамыр беткейлік және қатты болса – сыртқы патогендік факторлардың (суық тию, инфекция) бар екенін білдіреді.

Тамыр ұстағанда ең маңыздысы, тамыршы өте тәжирбелі, әр саусақтың астындағы тамыр ырғағын ажырата білуі керек. Бұл көптеген жыл бойы тамыр ұстаған тісқақты, тәжірибелі шипагерлердің қолынан келеді. 

Тамыр маусымға қарай өзгеріп отырады. Жазда ол кернеулі, ағысы екпінді келеді. Ал қыста тамырдағы қан баяу, ағысы жіңішкелеу болады, бірақ бұл ауыру белгісі деп қаралмайды. Өздеріңіз байқағандай қазақ емшілігі әлемнің кез келген медицинасынан кем емес, тамыр ұстау соның тағы бір дәлелі екенін көрсетеді, - дейді Ақжарқын Дәулетұлы. 

Бұған дейін қазақтардың әр табиғи құбылысқа атау бергенін екенін жазған едік.