Тамыз кеңесі: Павлодарда 10 шағын жинақты мектепке ЖИ жүйесі енгізіледі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда өңір педагогтерінің «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы

Іс-шараға облыс басшысы Асайын Байханов, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, сондай-ақ жергілікті білім беру саласының өкілдері қатысты.

Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы


Пленарлық отырыс алдында қонақтар заманауи цифрлық, техникалық және педагогикалық шешімдер көрмесін тамашалап, өткен оқу жылының қорытындыларына арналған бейнефильмді тамашалады.

Оқу-ағарту министрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты қолдауларымен және іргелі реформаларының нәтижесінде білім саласында шешімін тапқан жүйелі әрі кешенді нәтижелер бар екенін атап өтті. Күшіне енген Жаңа Конституция Қазақстанның дамуының жаңа бағдарларын айқындады. Оның негізінде заң үстемдігі, еңбекке құрмет және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктер қағидаттары жатыр.

Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы

- Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні, 8-11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті оқу курсы енгізіледі. Сонымен бірге 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналды және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Мектептерде үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды. Бастауыш сыныптарда бағалау тәсілдері жаңартылды. Атап айтқанда, бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталды. Күнделікті бағалаудың рөлі күшейтілді. Диктанттар, мазмұндама, шығарма, жобалар, ауызша және практикалық жұмыстар секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде жүзеге асыратын болады. 

Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы

Министр Павлодар облысы білім беру көрсеткіштері бойынша республикада үнемі алдыңғы қатардан көрінетінін, тек биылдың өзінде жергілікті оқушылар түрлі білім олимпиадаларынан 311 медаль (оның 66-сы халықаралық олимпиаларда) жеңіп алғанын жеткізді. Өткен оқу жылында Жаратылыстану-математика бағытында Ертіс бойының оқушылары «Үздік олимпиадалық команда» атанды. PISA халықаралық зерттеу нәтижелеріне үңілсек, 2018 жылдан бері Ертіс-Баян өңіріндегі ауылдық мектептердің оқушылары оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және жаратылыстану сауаттылығы бойынша жоғары жетістіктер көрсетіп келеді.

Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы

- Жасанды зердені білім саласына енгізу бойынша елімізде ауқымды істер атқарылып жатыр. Биыл шағын жинақты 500 мектепке енгізілсе, соның 10-ы Павлодар өңірінде орналасқан. Облыста ерекше қажеттілігі бар балаларды біліммен қамту саласында оң жетістіктер бар. 10 мың «ерекше» баланың 9 мыңы арнайы біліммен қамтамасыз етілген, - деп қосты министр.

Асайын Байханов білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялар жайлы баяндап өтті. Соңғы үш жылда облыстық бюджеттен бұл салаға 672 млрд теңге бөлінсе, биыл мектептерді жаңғырту мен жабдықтауға 20 млрд теңге бағытталған, оның 7 млрд теңгесі демеушілік қаражат есебінен тартылған. Бүгінде облыстағы 844 білім беру ұйымы, соның ішінде шалғай ауылдардағы мектептер де 100% жоғары жылдамдықты интернетпен және қауіпсіздік жүйелерімен қамтылды. Құрылыс саласында да оң өзгерістер бар: соңғы үш жылда ауылдарда 8 мектеп салынса, биыл тамызда 220 орындық 2 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Ал қазан айында Павлодар қаласында 1200 орындық заманауи мектеп есігін ашады. Осылайша өңірдегі апатты мектептер мәселесі толық шешімін тапты. 

Бұдан бөлек, биыл 26 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, Павлодар, Екібастұз қалалары мен бірқатар аудандарда Балалар шығармашылық орталықтары, өнер мектептері мен бассейндер ашылды.

Жиын барысында оқу үдерісіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, оқушылардың мектептен тыс уақыттағы қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу және отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау мәселелері де талқыланды. Осы орайда облыста жуықта ғана балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылғандығы айтылды. Алқалы жиын соңында білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан өңірдің үздік педагогтеріне Павлодар облысының әкімі мен ҚР Оқу-ағарту министрінің атынан марапаттар табысталды.

Еске сала кетейік, павлодарлық оқушы негізгі ҰБТ-дан 140 балл алды.

Фото: Павлодар облысы білім беру басқармасы