Тамыз айында азық-түлік тауарларының бағасы 5,8 пайызға өсті - Статистика агенттігі

АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Ағымдағы жылдың тамыз айында азық-түлік тауарларының бағасы, өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда, 5,8 пайызға өсті, деп хабарлады өткен айдың қорытындысын шығарған Статистика агенттігі.

«Өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда, қанттың бағасы 23,3 пайызға, кофе, шай және какаоның бағасы- 13 пайызға, кондитер өнімдері - 8,5 пайызға, май және тоң май бағасы - 8,3 пайызға, сүт өнімдері - 7,2 пайызға қымбаттады», делінген агенттіктің ақпарында.

Сондай-ақ алкогольдік ішімдіктердің бағасы- 5,3 пайызға, тоқаш өнімдерінің бағасы - 4,5 пайызға, жеміс-көкөністер - 1,1 пайызға көтерілген.

Есесіне, ұнның бағасы 17,5 пайызға, жарма бағасы -3,5 пайызға, нанның бағасы- 1,8 пайызға, макарон өнімдерінің бағасы- 1,6 пайызға төмендеген.

Аталған мерзімде ет және ет өнімдерінің бағасы 10,3 пайызға өскен. Оның ішінде, доңыз етінің бағасы - 9 пайызға, шұжық өнімдері - 7,9 пайызға, қойдың еті - 7,5 пайызға, құс еті - 5,2 пайызға, жылқы еті - 3,8 пайызға көтерілген.