Тамыз айында елдегі инфляция 0,3 пайызды құрады

АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылғы тамызда еліміздегі инфляция 0,3 пайызды құрады.

Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, баға азық-түлік тауарларына өткен айда 0,1 пайызға төмендеген. Ал азық-түлік емес тауарлары мен ақылы қызмет көрсетулерге 0,5 пайызға өсті. Сонымен қатар, өткен айда бағаның төмендеуі жеміс-көкөніс өніміне 6 пайыз, ал жаңа жиналған көкөністерге - 10,1 пайыз, картопқа - 9,1 пайыз, жемістерге - 1,4 пайызға белгіленді.

«Баға деңгейі шикі сүтке 0,8 пайыз, жаңа ауланған балыққа - 0,4 пайыз, қантқа - 0,3 пайызға төмендеді. Бағаның өсуі жұмыртқаға 2,6 пайызды, ет және құс етіне - 1,9 пайыз, жармаға - 0,9 пайыз, кондитерлік өнімдерге - 0,7 пайыз, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитер өнімдеріне - 0,5 пайыз, алкогольсіз сусындарға - 0,4 пайыз, макарон өнімдеріне - 0,3 пайызға тіркелді. Сонымен бірге, цементке - 1,5 пайыз, киім және аяқ киімге - 0,3 пайыз, фармацевтика өнімдеріне - 0,2 пайызға өсті. Бензин 3,1 пайыз, дизель отыны - 4 пайызға қымбаттады», - делінген баспасөз айғағында. Бұдан бөлек, жолаушылар көлігі қызметтері 2,3 пайыз, денсаулық сақтау - 0,5 пайыз, білім беру мен мәдениет - 0,2 пайызға баға жоғарылаған. Сондай-ақ, тұрғын үй- коммуналдық қызмет көрсетулер саласында төлем қоқыс жинауға 1,4 пайыз, тарату желілері бойынша тасымалданатын газға - 0,7 пайыз, кәрізге, ыстық су мен орталықтан жылытуға - 0,2 пайыздан, суық суға - 0,1 пайызға өскен.