Тамыз айында Түркістанда алма ағашы гүлдеді

Фото: Ғани Назарбек
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Тамыз айында Түркістанда алма ағашы гүлдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алма ағашының гүлдеп тұрған суретін әлеуметтік желіге Ғани Назарбек есімді қоғам белсендісі жүктеді.

Оның айтуынша, Түркістан қаласындағы «жолдың асты» аталып кеткен мөлтек ауданда орналасқан жеке тұрғын үйдегі жеміс ағашы биыл екінші рет гүл ашқан. Алғашқы жемісін берген алма ағашы, араға аз ғана уақыт салып, екінші рет гүлдеген.

«Жаратылыстану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұғман Аралбай бұл - супторпикалық өңірлерде болып тұратын жағдай екенін айтады.

«Бұл алма ағашының тұқымы Өзбекстан, Тәжікстан, тіпті Иран мемлекетінен алып келінген болуы мүмкін. Сондықтан жылы аймақта қайта гүлдеп жатыр. Жақында Алматы қаласында да алма ағашының екінші рет гүлдегенін есіттім» - дейді ол.

Ал, желіде жарияланған жазбаға пікір білдірушілер, табиғаттың тосын сыйына таңданыс білдіруде. Олардың ішінде «Табиғаттың құдіреті, жақсылыққа бағалайық!», «Осы құбылысқа не себеп екен?» - деген жазбалар бар.