«Тамыз инвест групп» АҚ басшылығы үлескерлерге жағымды жаңалық хабарлады: барлық нысандардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады

АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Тамыз инвест групп» құрылыс компаниясы Астанадағы үлескерлік құрылыс нысандарын жыл соңына дейін пайдалануға беретін болды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған акционерлік қоғамның төрағасы Әлия Матаева мәлім етті.

Оның айтуынша, елордадағы тұрғын үйлердің салынып бітуіне қажетті қаржы табылды. Енді тек жыл соңын күтіп, үлескерлерге өздеріне тиесілі жаңа баспаналардың кілттерін табыстау ғана қалды.

«Біздің инвестор - шетелдік «Еуразия конешенэл» компаниясы. Құрылыс нысандарын аяқтауға бізге 3,585 млрд. теңге қаражат қажет. Алғашқы 1 млрд. шотымызға түсті, қазір ол игеріліп жатыр. Екінші сома 25 сәуір күні біздің есептер табыс етілгеннен кейін беріледі. Дегенмен бұл қаражат кесте бойынша мамырдың соңында бірақ қолымызға тиеді. Біздің инвесторлардан түскен қаржының барлығы нысандарды салып бітіруге жұмсалады. Құрылысты аяқтауға біздің компанияның өзі кірісіп жатыр»,-деді Ә. Матаева.

«Біз Астананың құрылысшы компаниясы болып табыламыз, Үкімет және үлескерлер алдында нақты міндеттеріміз бар. Мойнымызға алған барлық міндетті нысандар қаржыландыру кестесіне және жұмыс өндірісіне сәйкес орындалады»,-деп атап көрсетті компания төрағасы.

Ә. Матаева Астанадағы өздеріне тиесілі әр нысанның тапсырылатын мерзімдерін жеке-жеке оқып шығып, тілшілерге оның барлығы дәл мерзімінде - жыл соңына дейін пайдалануға берілетіндігін қадап айтты.

«Жеке нысандар бойынша, Астанада олардың саны жетеу: «Магистральный», «Орбита», «Сан сити», «Алтын раид», «Өмір», «Комфорт-1» және «Комфорт-2» тұрғын үй кешендері бойынша нақты жұмыс графиктері бар. Олардың құрылысына біздің құрылысшылар мен мердігерлер тартылған. Бүгінгі таңда жұмыстар уақытқа сай және график бойынша келе жатыр. Барлық нысандарымыз биыл аяқталады: олардың кейбірі: «Магистральный», «Алтын раид», «Өмір» және «Сан сити» кешендері шілде айында тапсырылмақ»,-деп хабарлады Ә.Матаева.

Алайда компанияда бір құрылыс нысанына қатысты шешілмеген сұрақ туындап отыр. Ә. Матаеваның сөзінше, компания бұл мәселені жақын арада шешуге мүдделілік танытуда.

«Комфортный-2» тұрғын үй кешенін қыркүйек айында пайлануға бермекпіз. «Орбита» кешенін қараша айында аяқтамақпыз. Бірақ бізде әлі күнге дейін «Комфортный-1» құрылыс нысанына қатысты бір бітпеген мәселе бар. Дегенмен бұл мәселе шешімін тауып биыл қараша-желтоқсан айында тапсырылатынына сенімдімін»,-деді Ә. Матаева.

Баспасөз мәслихатында хабарлағандай , «Тамыз инвест групп» АҚ үлескерлері баспаналардың кілттерін 3-4 жыл ала алмай, Қаржы полициясы органына бірнеше рет арызданған. Алайда тексеріс кезінде Қаржы полициясының қызметкерлері құрылыс компаниясы тарапынан ешқандай заңбұзушылық таппаған. 2011 жылы «Тамыз инвест групп» АҚ-ның басшылығы ауысты. Жаңа жетекшілердің білікті іс-қимылдары арқасында сырттан инвесторлық қаражаттар тартылып, Астанадағы тұрғын үй кешендерін жыл соңына дейін салып бітіруге мүмкіндік ашты.