Сөз орайында қала басшысы бұрынғылардан қалған «Адамзат баласының бұл өмірде үш түрлі міндеті болады» деген сөзіне тоқталды. Оның біріншісі - ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру, екіншісі - ұстаздық қылып, шәкірт баптау, үшіншісі - ілім-білім жинап, қоғамға қызмет ету. «Бұл орайда, тәлім-тәрбие - ата-анадан, оқу мен білім - ұстаздан, ал қоғамға қызмет ету - баршамызға ортақ парыз болса керек. Ұрпақтың жұлдызын жағып, мәртебесін биіктететін де, тағлымын қалыптастырып, танымын кеңейтетін де осы қағидалар. Ілім мен ғылым - бұл қоғамдық мүдде. Өркениеттің өлшемі де, мемлекеттің келешегі де қашанда қоғамдағы білім деңгейіне тәуелді. Бұл орайда, Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны - мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ» деген сөзі еске түседі. Осы бір аталы ұғым біз үшін әрқашанда басты ұстаным болуы шарт», деді қала басшысы.
Оның атап өтуінше, қазіргі таңда мемлекет білім саласына қолдау көрсету үшін қолдан келген мүмкіндіктің барлығын да жасап келеді. Бұл солай болуы да тиіс. Себебі ұрпақ білімі үшін жұмсалар қаржы мен қайрат - ең қайтарымы мол, қайырымы кең игі шара екені белгілі.
«Сөз жоқ, егер мұғалім өз бойындағы жақсы қасиеттер мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті біріктіре алса, ол - кемел ұстаз. Біз осы бір қарапайым қағиданы қай кезде де жадымыздан шығармауымыз қажет», деп қорытты ойын И.Тасмағамбетов.