Тамыз-қыркүйек айларында кәсіпорындардың парникті газ шығарындыларына тексеру жүргізіледі - «Жасыл даму»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тамыз-қыркүйек айларында кәсіпорындардың парникті газ шығарындыларына тексеру жүргізіледі. Бұл туралы бүгін «Парникті газ шығарындыларына берілетін квоталармен сауда-саттық жүйесінің тәжірибелік қолданылуы» тақырыбында өтіп жатқан 2-ші Халықаралық Carbon-KZ форумында «Жасыл даму» АҚ бас директорының орынбасары Сергей Цой айтты.

Ол өз сөзінде 2015 жылдың наурыз айында парникті газ шығарындыларына берілетін квоталардың сауда-саттығы басталғанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда жалпы сомасы 354 млн. теңгені құрайтын 15 операция жасалды. Оған 11 компания қатысты. Биржалық мәміленің жалпы көлемі 674 мың тоннаны құрады. Дәл осы көрсеткіштен-ақ бағасы артқанын байқауға болады. Оның себебі, 2014 жылдан бастап парникті газдар шығарындылары көлемін арттырғаны үшін айыппұл санкциялары қолданысқа енгізілді», - деді С.Цой.

Сонымен қатар ол парникті газдар шығарындыларына квоталарды бөлудің 2-ші ұлттық жоспары бойынша 158 кәсіпорын жалпы 305 млн. тонна көлемге сертификат алғанын жеткізді.

«Әлі күнге сертификат алмаған кәсіпорындар да бар. Біз олардың әлі сертификат алмауы заңды жетік білмеуінен не болмаса бұл жүйеге назар аудармауынан деп санаймыз. Дегенмен, тамыз-қыркүйек айларында Экологиялық реттеу комитеті тексеруді бастайды. Сол уақытта ресми чек парақшаға енгізілген парникті газдар шығарындылары бойынша бақылаушылар компания жұмысын бағалайтын болады. Осыған орай біз бірқатар тексерулердің, айыппұл санкцияларының жүзеге асуын болжаудамыз»,- деді ол.

Оның атап өтуінше, 2014 жылы мөлшерден тыс шығарылған парникті газдың 1 тоннасына 40 еуро көлемінде айыппұл санкциясы белгіленген. Ағымдағы жылы да осы көлем қалады.