деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін Конституция күні мерекесінің маңызы артып, ол жалпыұлттық мейрамға айналды. Тамыздың 30-ы Мемлекет тарихында алғаш рет әскери шерумен атап өтілмек. Мұндай ауқымдағы шара Қазақстанның дүйім жұртында үлкен қызығушылық тудырып отырғандықтан, шеру теледидармен Алматы қаласында және барлық облыстардың орталық алаңдарына орнатылған мониторлардан on-line режимінде көрсетілетін болады.
Әскери шеру аяқталғаннан кейін елорданың мәдени-демалыс орындарында мерекелік концерттер, түрлі байқаулар мен көпшілік серуендері өтетін болады. Оларға тоқталып өтетін болсақ: тамыздың 28-і күні - Ұлттық академиялық кітапханада ақындар мүшәйрасы, 29-ы күні - «Шығыс» орталығында «Мен өз елімнің азаматымын» атты спорттық жекпе-жектен турнир, 30-ында - «Қазақ елі» монументі алаңында әскери шеру және мерекелік сауда-саттық, Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты жиын және мерекелік концерт, қала әкімдігі мен ҚР Қаржы министрлігі алдындағы алаңдарда ауыл шаруашылық және мектеп жәрмеңкелері, сондай-ақ Астаналық саябақ пен Б.Момышұлы саябағының амфитеатрында концерттер өтеді.
Ал тамыздың 31-і күні мереке ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында ұйымдастырылатын «Менің Отаным - Қазақстан» көрмесіне, қыркүйектің 16-сында - жас суретшілердің «Адам және Заң» байқауына (Өнер мектебінде) және «Балдырғандардың шығармашылығы - 2009» көрмесіне (М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы) ұласатын болады.
Конституция күніне беріліп отырған мұндай айрықша маңыз - қазақстандықтардың бір мақсатқа топтасып, бірігуіне септігін тигізіп, жас ұрпақтың бойында өз еліне деген патриоттық және мақтаныш сезімдерді тудырады деген мақсатқа саяды.