Тамызға дейін ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңмен ұлғайту жоспары бекітіледі - Е.Досаев

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - 2014 жылдың тамызына дейін ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңмен ұлғайту жоспары бекітіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев айтты.

Министрдің атап өтуінше, 2014 жылдың наурызына дейін технопарктердің жұмыстары белсендіріліп, ал қазанға дейін жаңа өндірістерді дамыту, оның ішінде инжинирингтік әрі сервистік орталықтар құру үшін шетелдік инвесторлардың жаңа толқынын тарту жағдайы жасалады. «Ағымдағы жылдың тамызына дейін ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту жоспары бекітілетін болады. Шетелдік компаниялармен бірлесіп, жобалық және инжинирингтік орталықтар құру, шетелдік инвестицияларды біздің елімізге білім мен жаңа технологияларды трансферттеу үшін пайдалану бойынша тапсырмалар жүктелді», - деді Е.Досаев.