Тамызға дейін орталық атқарушы органдар сайттарының жұмыстары «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңға сәйкестендіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның «Ашық Үкімет» енгізу жөніндегі Кіші жұмыс тобының отырысы өтіп, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының шеңберінде «Ашық үкіметті» енгізудің мәселелері талқыланды.

Айта кетерлігі, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның «Ашық Үіметті» енгізу жөніндегі Кіші жұмыс тобы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іс жүзінде іске асыру мақсатында депутаттар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері арасынан құрылған.

Жиын барысында Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов баяндама жасап, атқарылып жатқан шараларға тоқталған болатын. «Біздің министрлік «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» Заңның атқарылуы бойынша үлгі алаңы ретінде шығуға әзір. Осыған байланысты біз ішкі іс-шаралар жоспарын да әзірледік», - деді С. Сәрсенов.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта заңды жүзеге асыруға қажетті 8 заңға тәуелді акті, 4 Үкімет қаулысы, 4 министр бұйрығы қабылданған. Орталық мемлекеттік органдардың 17 интернет-ресурсына бағалау жасалып, олардың Заңға сәйкестігі тексерілді. «Осы бағытта министрлік мемлекеттік органдармен сайттардың заңға сәйкес болуына бағытталған шараларды атқаруда. Ақпараттың толық қамтылуы мен өзектілігіне қатысты мемлекеттік органдардың осы жұмысы ағымдағы жылдың тамызына таман аяқталады. Яғни, орталық атқарушы мемлекеттік органдардың сайты осы уақыттан бастап Заңға сай толық қызмет етеді», - деді С. Сәрсенов.

Отырысты қорытындылай келе, Кіші жұмыс тобының жетекшісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев қаралып отырған мәселе жан-жақты әрі нысаналы талқыланғанын атап өтті. Оның айтуынша, талқылауда көтерілген сындарлы ескертулер мен ұсыныстар Қазақстанда «Ашық үкіметті» енгізу бағытындағы алдағы жұмыста ескерілетін болады.