«Таң шығыстан атады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 26 наурыз, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Таң шығыстан атады» деген тақырыппен Елбасы Н. Назарбаевтың Шығыс Қазақстан облысына жасаған сапары туралы көлемді мақала басылды. Сапар аясында ел Президенті Өскемен қаласында «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған жаңа ауылда болып, өңірдің «Шығыс-сүт» зауытында, құс фабрикасында, Бұқтырма цемент зауытында, «Азия авто» АҚ жұмыстарымен танысты. Облыстағы әлеуметтік-экономикалық ахуал, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аяқ алысын бағамдады.

«Биыл еліміз үшін елеулі оқиға, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтеміз. Әр облыс өз мүмкіндіктеріне қарай талпыныс жасауда. Мәселен, Шығыста көп істер атқарылып жатқанын білеміз. Өткен жылы Тарбағатайдағы табиғат апаты кезінде он миллиард теңге қаржы бөлдік. Халық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту, мал тұқымын асылдандыру басты міндет. Міне, бүгін жаңа сүт зауытының ашылуына қатыстық. Ет пен сүтті қашанғы шетелден тасимыз. Демек, мал басын көбейтіп қана қоймай, кластерді дамыту қажет,- деді Елбасы шаруа қожалықтары өкілдерімен кездесуінде»,-деп жазады газет.

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Жапониядағы жарылыстың Қазақстанға әсері бар ма?» атты мақала басылған. Басылым ел тұрғындарының «Жапон жеріндегі зілзала мен цунамидің қасіреті қазақ жеріне әсері болуы мүмкін бе?» деген сұрақтарына жауап іздеп көрген. Мақалада еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық және төтенше жағдайлардың алдын алу қызметкерлері мен осы саланың көрнекті мамандарыкеше Алматы қаласында журналистермен кездесу ұйымдастырып,Жапониядағы жағдайдың бізге ешқандай әсері болмайтындығы жөнінде хабарлама жасаған. «Қазіргі болжамдарға қарағанда, қорқатындай ештеңе жоқ. Біз Жапониядан шалғайда жатқан елміз. Араларын ондаған шақырым жер бөліп тұрған Ресей Федерациясының Курил аралдарында, одан қашықтау орналасқан Владивосток қаласында, жалпы, Қиыр Шығыста мамандар күндіз-түні бақылау жүргізіп, шамадан тыс радиация жоқтығын анықтап отыр. Жергілікті тұрғындар қалыпты жағдайда өмір сүріп жатыр. Екінші бір мәселе, елімізде радиациялық қауіп тудырып, төтенше жағдай қалыптасатындай кәсіпорындар, мекемелер жоқ. Бүгінгі жиын Жапониядағы жағдайдан кейін өз еліміздегі кейбір мәселелерді пысықтап алу үшін ұйымдастырылды, - дейді мамандар»,- делінген.

«Алаш айнасы» басылымы «Жалған жарнама жарға жықпасын десек»» деген тақырыпта мақала жариялады. «Мамандардың пайымдауынша, бүгінде елде жалған жарнама беру арқылы өнім өтімділігін арттырып, тұтынушының қалтасын қағып, құқын бұзушылық үрдісі тым жиілеп кеткен»,- деп жазады басылым.

Соған байланысты еліміздің биолог ғалымдары «Қазақ елі көп кешіктірмей «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» Заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуі тиіс. Әсіресе, аталмыш заңдарға сырттан келетін азық-түлік өнімдеріне белгілі бір шектеу қою жөнінде және тағамдарды жалған жарнамалауға тыйым салуға қатысты арнайы баптар енгізілуі керек», деп дабыл қағып жатқандарын айтады.

«Казахстанская правда» газеті өзінің бүгінгі жарияланымындағы «Новые горизонты ОИК» атты мақаласында Қазақстанның Әлемдегі БҰҰ-дан кейін ең ірі халықаралық бірлестік болып табылатын Ислам конференциясына төрағалық етуі - мүше мемлекеттер тарапынан үлкен қызығушылық танытылып отырғандығы жөнінде жазады. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығының сәтті өткендігін ескеріп отырған ұйым мүшелері келешек төрағадан нақты шешімдер күтеді. Қазақстан өз кезегінде Ислам конференциясы ұйымының қызметін экономикалық жетістікті және тұрақты полиэтникалық мемлекет моделі тәжірибесінің негізінде құрамақ.