Таңбалары тозып, қоршаулары қисайған: Түркістандағы жолдардан кемшіліктер анықталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар күре жолдардың техникалық жай-күйі сын көтермейді.
Жол бойындағы таңбалар өшіп, белгілер мен қоршаулардың тозығы жеткен. Суағар арналары да уақытылы тазаланбайды. Бұл өз кезегінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне едәуір қауіп төндіретіні белгілі. Қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайтын бұл мәселе мамандар назарынан тыс қалмады.
«Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалы мамандары республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйін тексеріп шықты. Арнайы ұйымдастырылған рейд барысында облыс аумағындағы жалпы ұзындығы 500 шақырымнан асатын 12 нысан зерттелді. Тексеру нәтижесінде 179 техникалық ақау анықталды.
Орталықтың Түркістан облыстық филиалы бөлім басшысы Қайрат Шәкіровтің айтуынша, бұл кемшіліктер негізінен жол жабындысының тозуы, жол белгілерінің зақымдануы, суағар жүйелерінің ластануы, жол таңбаларының өшуі сияқты мәселелерден тұрады.
Анықталған ақаулардың басым бөлігі «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Түркістан облысындағы учаскесінде, Шымкент қаласынан Өзбекстан шекарасына дейінгі жолда, Жизақ — Гагарин — Жетісай — Киров — Қызыләскер — Сарыағаш — Абай — Жібек жолы бағытындағы 221 шақырымдық бөлігінде тіркелген.
— Тексеру нәтижесі бойынша жолдарды күтіп-ұстауға жауапты «КАЖ-Сервис» ЖШС-іне нақты тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда мердігер мекеме 52 ақауды жойғаны белгілі болды. Қалған бөліктер бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді Қайрат Шәкіров.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан — Қызылорда жолындағы құрылыстан ақаулар анықталғанын жазған болатынбыз.