Әлеуметтік желіде тараған видеодан тойханада ән айтып тұрған Азода есімді әншіге ер адам соққы жасағанын көруге болады. Салдарынан зардап шеккен әнші жерге құлаған. Одан кейін оған жан-жағындағы адамдар көмек көрсеткен. Кейінірек Азоданың өзі хабарлағандай, шабуыл жасаған адам оның бұрынғы қайын атасы болып шыққан. Оның айтуынша, ол оқиға кезінде мас күйде болған.
– Мен ән айтып тұрған кезде ол келіп, бар күшімен ұрды. Бұл көпшілік алдында, көптеген адамның көзінше болды. Кінәлі заң бойынша жазасын алсын деп өтінемін, - деп жазды әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, оқиға болған күні ер адам наркологиялық сараптамаға жіберілмеген. Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның болғанын растады.
– Аталған дерек бойынша «Ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілді. Барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады. Полиция кез келген құқыққа қайшы әрекет заң аясында жауапкершілікке әкелетінін еске салады, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда медицина қызметкеріне күш қолданған тұрғын қамауға алынған болатын.