Танымал өзбекстандық әнші Zeboyi Jahon кісі қолынан қаза тапты
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Халыққа Zeboyi Jahon есімімен танымал болған өзбекстандық әнші Зебинисо Носирова 26 шілдеде Самарқанд облысына қарасты Тайлак ауданында көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Хаёт Шамсутдинов 33 жастағы күдікті ұсталғанын және оның үстінен «Қасақана кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Дегенмен ведомство өкілі оқиғаның мән-жайын ашып айтпады.
Бұл ретте жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Зебинисо Носированың өліміне қатысты істе басты күдікті марқұмның жұбайы екенін жазып жатыр. «Milliy TV» телеарнасының мәліметінше, әншінің күйеуі балаларын көру үшін үйіне барған. Кейін ерлі-зайыпты арасындағы әңгіме жанжалға ұласып, жұбайы Зебинисо Носированы қылғындырған. Әнші оқиға орнында көз жұмды. Марқұмның артында 3 баласы қалды.
Қоса кетсек, былтыр 10 айда Өзбекстан соттары тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 15 826 адамды жауапқа тартты.
Сондай-ақ, 2024 жылы көп әйел алуды насихаттаған және адамды жынысына байланысты кемсіткен 21 өзбекстандық жауапқа тартылды.
Бұған қоса, былтыр Өзбекстанда балаға қатысты жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза енгізілді.