Танымал сауда желілерін бопсалаған «блогерлер» сотталды

Фото: Фото: Павлодар облысы прокуратурасы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласының екі тұрғыны «Magnum» және «Семейный» сауда желілерінен «рейд» деп аталатын бейнетүсірілімдерді және әлеуметтік желілерде жариялауды тоқтату үшін ақша бопсалады деп айыпталды.

Олар ұялы телефондарға сауда желілерінің дүкендеріне барғандарын жазып алып, жария етілген жағдайда меншік иелерінің мүдделеріне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін ақпарат жинаған. Кейіннен жарияланымдар «Instagram» әлеуметтік желісінде және «Youtube» арнасында жүргізілген.

- Сотталғандардың кiнәсi жәбiрленушiлердiң, куәлардың айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық iстiң басқа да материалдарымен дәлелденді, - делінген СҚО прокуратурасы хабарламасында.

Айыптау үкiмi алқабилер алқасының қатысуымен шығарылып, екi адамға нақты мерзімі 7 жылға бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындалды.

Петропавл қалалық сотының «блогерлерге» қатысты үкімі заңды күшіне енді.

Айта кетейік, Оралда бопсалаумен айналысқан колледж студенттері ұсталды.