Ресейдің танымал тележүргізушісі Юрий Николаев қайтыс болды
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің халық әртісі, актер, танымал тележүргізуші Юрий Николаев 77 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Оның қайтыс болғаны туралы Ресейдің халық әртісі, А. Ваганова атындағы Ресей балет академиясының ректоры Николай Цискаридзе өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
— Юрий Николаев бақиға аттанды. Ол — көптеген жұлдыздардың жолын ашқан адам. Жуырда ғана біз «Сегодня вечером» эфирінде оның кәсіби мерейтойын бірге атап өттік. Енді өмірден өткені туралы хабар келді, — деп жазды Цискаридзе.
Юрий Николаев 1948 жылдың 16 желтоқсанында Кишинев қаласында дүниеге келген. 1970 жылы ГИТИС-ті «Театр және кино актері» мамандығы бойынша бітіріп, Пушкин атындағы Мәскеу драма театрында еңбек жолын бастады.
1970-жылдардың ортасынан бастап Николаев кеңес телевидениясының бет-бейнесіне айналды. Ол «Утренняя почта», «Голубой огонек», «Песня года», «Спокойной ночи, малыши!» бағдарламаларын жүргізді. Ал кейін жастардың көптеген таланттарын танытқан «Утренняя звезда» музыкалық шоуының авторы, әрі тұрақты жүргізушісі болды.
2000–2010 жылдары Николаев «Танцы со звездами», «Достояние республики», «Большая перемена» сияқты танымал жобаларды, сондай-ақ өзінің «Честное слово с Юрием Николаевым» атты авторлық бағдарламасын жүргізді.
1998 жылы оған Ресейдің халық артисі атағы берілді, ол Достық және Құрмет ордендерімен, сондай-ақ РФ Үкіметінің мәдениет саласындағы сыйлығымен марапатталған.
2024 жылы тележүргізуші өзінің шығармашылық жолына қорытынды жасаған «Здесь все по-честному» атты автобиографиялық кітабын шығарды.