Танымал зергер Тәуелсіздік күніне көрме өткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Тәуелсіздік күні қарсаңында Президент орталығында қазақ зергерлік өнерінің көрмесі ашылды. Онда танымал зергер, реставратор, коллекционер Берік Әлібайдың үздік жинағы қойылды. Бір ай бойы Астана тұрғындары мен қонақтары 250-ден астам күміс әшекейлерді, тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық киімдерді тамашалай алады.
Карл Фаберже орденінің иесі, Мұсылман әлемінің ең үздік зергері атанған шебер Иордания, Францияның бірінші ханымдарына қазақтың бойтұмарын жасаған еді. Бұл ұлттық әшекейіміздің әлемге танылып, сұраныстың артуына ықпал етті.
— Бүгінгі көрме «Желісі үзілмеген жалғастық» деп аталады. Менің атам да, әкем де зергер болған. Өзім 30 жылға жуық уақыт еліміздің мемлекеттік музейлерінде қызмет еттім, сонда халық арасынан табылған бұйымдарды жинадым, өз үйімнен музей аштым. Осылайша, ата-бабаларымыздан қалған бұйымдардан бастап, өзімнің бірнеше жыл жасаған шығармашылық жұмыстарым Тәуелсіздік қарсаңындағы көрмеге қойылып отыр. Өйткені Тәуелсіздіктен асқан ұлы мереке жоқ, — дейді танымал зергер.
Көрме экспозициясында 250-ден астам күміс әшекей бұйым ұсынылған. Олар ою-өрнектің мағыналық мазмұнын, киелі және эстетикалық ерекшеліктерін баяндайды. Экспозиция арқылы көрермен күмістің ерекше күші мен тазалығын, оның ұлттық мәдениеттегі маңызды орнын сезіне алады.
Автордың зергерлік бұйымдары мен көркем туындылары дәстүрлі қазақ нақыштары мен заманауи дизайнерлік шешімдердің үйлесімін тапқан бірегей стилімен ерекшеленеді.
— Әсіресе әйел әшекейлері, қару-жарақтар, асыл тастардан жасалған мүсіндер қойылды. Біздің белдіктер, өңіржиектер, білезіктер, құдағи жүзіктер халқымыздың терең мәдениетін көрсетеді. ХХ ғасырда Кеңес одағы тұсында зергерлік салада тоқырау болды. 90-жылдары зергерлік қайта жанданды. Біз – Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарымыз. Дүние жүзінде зергерлік өнерден ең алдыңғы орындамыз десем де болады. Біз көп конкурстарға, фестивальдерге барамыз, сонда біздің әшекейлер көлемдігімен, әдемілігмен, жасалу техникасымен алдыңғы қатарда тұрады, — дейді Б.Әлібай.
Айта кетейік, 2016 жылы Иордания Тәуелсіздігінің 70 жылдығына арналған шарада мемлекет патшайымы Рания әл-Абдулла қазақ бойтұмарын тағып шыққан еді. Әшекейді жасаған зергер, реставратор Берік Әлібай 9 жыл бұрынғы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.