Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігі мен Өгем жотасын алып жатқан қорық 1926 жылғы 14 шілдеде көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ұсынысымен құрылды.
Биыл Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Қорық Түркістан облысының Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандары мен Жамбыл облысының Жуалы ауданында орналасқан. Жалпы аумағы — 131 934,3 гектар. Әкімшілік орталығы — Түлкібас ауданының Жабағылы ауылында.
Оңтүстіктің інжу-маржанына баланатын қорық 2015 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне, ал 2016 жылы «Батыс Тянь-Шань» трансшекаралық табиғи аумағы Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген.
Қызғалдақтың табиғи отаны
Ақсу-Жабағылының табиғатын биік таулар мен терең шатқалдарсыз елестету мүмкін емес. Қорықтағы ең биік нүкте — теңіз деңгейінен 4238 метр биіктіктегі Сайрам шыңы. Халық арасында «Ақтүйе өлген» аталып кеткен бұл шың алыстан шөккен түйеге ұқсайды.
Қорық аумағында 114 мұздық пен 27 көл бар. Биік таулардан бастау алатын Ақсу мен Жабағылы өзендері де осы табиғи жүйенің ажырамас бөлігі. Ұзындығы шамамен 120 шақырым болатын Ақсу өзені Кіші және Үлкен Ақсу өзендері тоғысатын тұста терең құз-шатқал арқылы ағады. Тік жартастар мен асау өзен астасқан бұл өңір қорықтың көрікті нысандарының бірі саналады.
Ал көктем келгенде тау бөктері түрленіп сала береді. Қызыл, қызғылт, сары түсті гүлдер алқапқа өң беріп, табиғи кілемге айналады. Бұл — қызғалдақтың табиғи отаны саналатын өлкенің айрықша көрінісі. Қорықта Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Грейг және Кауфман қызғалдақтары өседі. Әсіресе ірі гүлді Грейг қызғалдағы Батыс Тянь-Шаньның табиғи символдарының біріне айналған.
Белгілі жазушы Мархабат Байғұт Ақсу-Жабағылының қызғалдақтарымен әлемге танылғанын атап өткен.
— Қызғалдақ пен сарғалдақтың тұқымын Тәңіртаудың текті төрінен әкеткен. Алқызылдың алты түрі де алғаш осында пайда болғаны дәлелденген, төртеуінен жүздеген сұрып өсірілген, — деп жазады Мархабат Байғұт.
Қорықта Піскем жуасы, аршаның бірнеше түрі және Ақсу шатқалының аңғарында Сиверс алмасы да кездеседі. Жабайы алманың бұл түрі мәдени алманың арғы тектерінің бірі ретінде ғылыми тұрғыдан құнды. Жалпы қорықта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі бар. Оның 41 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Қар барысы мекендеген өлке
Ақсу-Жабағылының табиғи байлығы өсімдік әлемімен ғана өлшенбейді. Қорықта құстардың 299, сүтқоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11, қосмекенділердің 3 түрі және омыртқасыздардың 2124-тен астам түрі анықталған.
Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек жануарлардың 9 түрі де осы аумақта мекендейді. Олардың қатарында қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні мен Тянь-Шань арқары бар.
Қар барысы — Ақсу-Жабағылының ең жұмбақ «тұрғындарының» бірі. Биік тауларды мекендейтін бұл сирек жыртқыш қорықтың ғана емес, тұтас Қазақстанның табиғи символдарының біріне айналған. Арқар мен тауешкі құз-жартастарды мекен етсе, бүркіт, сақалтай, жұртшы секілді жыртқыш құстар қорық аспанында қалықтайды.
Табиғатты қорғау шараларының нәтижесінде сирек аң-құстардың табиғи мекені сақталып келеді. Әсіресе қар барысы мен Тянь-Шань қоңыр аюының саны мен таралу аймағына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Мыңжылдықтардың үнсіз куәсі
Қорықтың табиғи мұрасы қазіргі тіршілік иелерімен ғана шектелмейді. Оның құрамындағы «Әулие» және «Қарабастау» палеонтологиялық учаскелері, сондай-ақ Қасқабұлақ тауындағы петроглифтер бұл өлкенің табиғи әрі тарихи шежіресінің тереңдігін көрсетеді.
Теңіз деңгейінен шамамен 3000 метр биіктіктегі адам аяғы сирек жететін қазаншұңқырда жартастағы ежелгі суреттер сақталған. Табиғи «сурет галереясында» аңдар мен үй жануарлары, көне адамдардың аңшылық және тұрмыс көріністері бейнеленген.
Мыңдаған жыл бұрын тасқа қашалған бұл суреттер — сол дәуірдегі адамның табиғатпен қарым-қатынасының үнсіз шежіресі.
Бір ғасыр ішінде Ақсу-Жабағылының табиғатын қорғау тәсілдері де өзгерді. Бұрынғы қарапайым күзет жүйесінің орнына бүгінде ғылыми зерттеу, фототұзақ арқылы мониторинг, экологиялық ағарту және реттелген экотуризм қатар дамып келеді.
Қорық директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Сматулла Жораұлының айтуынша, қорықтың басты ғылыми құндылығы — Батыс Тянь-Шань экожүйелерін ұзақ уақыт бойы бақылауға мүмкіндік беретін табиғи зертхана болуы.
— 100 жыл бұрынғы табиғаттың көптеген белгілерін әлі де көруге болады. Жабайы таулы экожүйелер мен табиғи өсімдік жамылғысы сақталған. Арқар, тауешкі, сілеусін, аю және қар барысы сияқты жануарлар мекендейтін табиғи орта да бар. Бұл — қорықтың ғасыр бойы атқарған жұмысының нәтижесі, — дейді Сматулла Жораұлы.
Қорықтағы ғылыми зерттеулердің аясы да кеңейіп келеді. Соңғы жылдары қорық аумағында жаңа жуа түрі анықталып, 100 жылдық мерейтойға орай оған «Ақсу-Жабағылы» атауы берілді.
Табиғатты тамашалау — жауапкершілік
Ақсу-Жабағылыға жылына 2500-ге жуық турист келеді. Олардың жартысына жуығы — шетелдіктер. Қорықта 7 экскурсиялық бағыт пен 3 экологиялық сүрлеу жұмыс істейді. Келушілер табиғат аясында жаяу, атпен немесе көлікпен саяхаттай алады. Қорықта шағын қонақүй мен мұражай бар.
Алайда табиғатты тамашалаудың да өз тәртібі бар. Келушілер көбейген сайын өсімдік жамылғысының тапталуы, жануарлардың мазасыздануы секілді табиғи ортаға түсетін салмақ артады. Сондықтан туристік ағын табиғи ортаның мүмкіндігіне қарай реттеледі.
Жануарлардың көбею кезеңінде кейбір бағыттарға уақытша шектеу қойылады. Мәселен, тауешкілер төлдейтін уақытта Кіші Қайыңды аңғарын 10-30 мамыр аралығында жабу қарастырылған. Ал Талдыбұлақ аңғарында қарабас құрқылтайы ұя салатын кезеңде бір мезетте бес адамнан артық турист кіргізілмейді.
— Туристер саны шамадан тыс артса, жекелеген маршруттарға келушілер санын шектеуіміз мүмкін. Алдын ала брондау арқылы рекреациялық жүктемені бақылап, топ көлемін азайтамыз, — дейді қорықтың экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Эльмира Жұманова.
Экожүйенің нәзік тепе-теңдігі
Ғасыр бойы сақталған табиғи тепе-теңдікті қорғау бүгінде бұрынғыдан да маңызды. Мамандар қорыққа төнетін қауіпті бір ғана фактормен байланыстыруға болмайтынын айтады.
— Климаттың өзгеруі — ұзақ мерзімді қауіп. Өрт экожүйеге бірден үлкен зиян келтіруі мүмкін. Браконьерлік сирек жануарларға тікелей қауіп төндіреді. Ал туризм дұрыс басқарылмаса, антропогендік қысымды арттырады. Сондықтан осы факторлардың барлығын жүйелі бақылау қажет, — дейді Эльмира Жұманова.
Климат өзгерісінің ықпалын анықтау үшін мамандар өсімдіктердің гүлдеу мерзімін, жануарлардың көбею кезеңін, құстардың келу уақытын тұрақты бақылап келеді. Мұндай өзгерістердің нақты себептерін анықтау үшін ұзақ мерзімді зерттеу қажет.
Қорық десе көпшіліктің көз алдына қар барысы, арқар немесе аю елестейді. Алайда табиғи жүйенің тұрақтылығын көзге көрінбейтін мыңдаған тіршілік иелері де қамтамасыз етеді.
— Экожүйе үшін омыртқасыздар, жәндіктер, тозаңдандырғыштар мен топырақ организмдерінің маңызы өте зор. Биоалуантүрлілікті қорғау тек ірі жануарларды қорғаумен шектелмеуі керек, — дейді қорық директорының орынбасары Сматулла Жораұлы.
Бұл тұрғыда Грейг қызғалдағы сияқты сирек өсімдіктердің тағдыры да маңызды. Оған заңсыз жұлу, табиғи мекен ету ортасының өзгеруі және климаттық жағдайлардың ауысуы әсер етуі мүмкін.
Қорық сақшыларының қысы ұзақ
Ақсу-Жабағылының табиғатын зерттеу қаншалықты маңызды болса, оны күнделікті күзету де соншалықты күрделі. Бүгінде қорықта 51 қызметкер, штаттан тыс 43 жұмысшы еңбек етеді. Таулы аумақта 12 қорық бекеті жұмыс істейді.
Қызметкерлер кең аумақта тұрақты бақылау жүргізіп, жануарлардың жағдайын қадағалайды және табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстың қиындығын Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көксай қорық бекетінен аңғаруға болады. Мұнда қыс шамамен тоғыз айға созылады. Тамыздан сәуірге дейін пеш жағуға тура келеді. Бекет Қырғызстанмен шекаралас аймақта орналасқан.
— Инспекторлар үшін биік таулы жерде жүру, тік жартастар мен қарлы учаскелерден өту, қолайсыз ауа райы және жабайы жануарлармен күтпеген кездесу — күнделікті жұмыстың бір бөлігі. Табиғатты қорғау қызметі үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді, — деді Эльмира Жұманова.
Биыл қорық аумағын қорғау және табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік инспекторлар 106 рейд өткізіп, 63 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде 1 млн 700 мың теңгеден астам айыппұл салынды.