Ұлттық телеарнаның көрермендері Сидхарт Шукхланың келуін асыға күтті және оны әуежайға барып гүл шоқтары мен әсем шарлармен қарсы алды.
Сидхарттың айтуынша, Мумбаидан шыққанда ауа температурасы 30 градус болған екен. Астанада біраз тоңғанын жасырмады. Соған қарамастан, қазақ халқының қонақжайлығы даладағы аязды қолмен жұлып алғандай. Сонымен қоса, елорданың зәулім ғимараттары мен қалың қарлары Сидхартқа ерекше әсер еткен көрінеді. Ол қыс мезгілінде шаңғы спортымен айналысқанды ұнататынын жеткізді.
28 ақпан, сенбі күні, сағат 15.00-де «Хан Шатыр» сауда-ойын сауықтыру орталығында актер көрермендермен кездесіп, афтограф-сессия өткізді. Актермен кездесуге «Хан Шатырға» 23 мыңнан астам адам келді.
Сонымен қатар, 28 ақпан күні «Жұлдызбен кешкі ас» ұйымдастырылып, өткізілді: «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының веб-порталында жарияланған викторина жеңімпаздары Астана қаласының мейрамханаларының бірінде Сидхарт Шукхламен және танымал отандық «Қара шаңырақ» телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдаған актермен кешкі ас ішу мүмкіндігіне ие болды. 2 наурыз, дүйсенбі күні, «Қазмедиа орталығының» 11-қабатында сағат 12.00-де Сидхарт Шукхла және отандық танымал «Қара шаңырақ» телехикаясында Әлішердің рөлін сомдаған Азамат Сатыбалды, Дәулетті сомдаған Әділ Ахметов, Мәдиді сомдаған Дәурен Серғазиннің БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Өз кезегінде Сидхард Шукхла «Қазақстанға келетін кезімде не күтерімді білмедім. Дегенмен, ұшақтан түскеннен бастап Қазақстанның ғажап мемлекет екенін, адамдарының қонақжай екендігін байқадым. Қазақ халқы шын жүректен ризашылықпен, қонақжайлықпен қарсы алды. Сіздер де біздер сияқты отбасына үлкен мән береді екенсіздер», - деді.
Сонымен қатар, ол келген сәттен бастап бірнеше фотосессияға қатысып, тіпті, кейбір адамдардың суретке түсуден шаршаған жоқсың ба, деп сұрағанын айта келе: «Сол сәттерде айналамдағы адамдар, әсіресе, қыздар сұлулықтарымен тәнті етті. Тіпті, Қазақстаннан кеткім де келмей қалды. Өкінішке орай, бүгін еліме ораламын. Сіздердің қонақжайлылықтарыңызды сағынатын боламын», - деді С.Шукхла.
Танымалдылығы турасында қойылған журналист сауалына Сидхарт: «Актер болмас бұрын мен модель болдым. Ал, «Келін» телехикаясы мен түскен төртінші телехикая. «Келін» Үндістанда да танымал және үздік телехикаялардың бірі деуге болады. Жұртты қызықтыратыны - телехикаяның соңы қалай бітеді. Мен айтар едім, жоғары рейтинг беретін телехикаяның соңын не үшін күтесіздер?»,-деп жауап берді.
«Қазақстанның киноиндустриясы туралы көп біле бермеймін. Бірақ, сіздердің елге келгелі бері қазақтың актерлерімен таныстым. Байқағаным, олар халық арасында өте танымал, жұрт оларды жақсы көреді»,-дейді актер.
Өз кезегінде сөз алған А.Сатыбалды «Қара шаңырақ» сериалына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. «Қара шаңырақтағы» сценарийдің шынайылығы, актерлік құрам - бізге үлкен тәжірибе болды. Түсірілім жұмыстары алты айға созылды. Күн сайын бірге жүргендіктен, кейде тіпті бір-бірімізді сол телехикаядағы есімдерімізбен атап қалып жүрдік. «Қара шаңырақ» - қазақ телехикаяларына жаңаша леп алып келген туынды. Себебі, біз мұнда шынайы ойнауды үйрендік. Мұның алдында түскен туындыларымызда сәл-сәл театрдағыдай әсірелеп ойнау болды. Не нәрсе болсын тәжірибемен келеді емес пе? «Қара шаңырақ» бізге шынайы ойнауды үйретті», деді А.Сатыбалды.
Айта кету керек, бүгін «Қара шаңырақ» телехикаясының соңғы бөлімі. Ұлттық арнадан сағат 21.50-де тамашалай аласыздар.
2 наурыз күні сағат 15.00-де Сидхарт Шукхла «Қазақстан» ұлттық арнасында тікелей эфирдегі «Әйел бақыты» бағдарламасында қонақта болды. Сонымен қатар, бүгін, 2 наурызда сағат 23.30-да телекөрермендер танымал жұлдызды «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» ток-шоуынан көре алады.
2012 жылдан бері Қазақстанда үндінің телевизиялық көрсетілімінің «Келін» сериалы үздік болып келеді. Әдемі кейіпкерлер, жақсы дубляж, әдемі қойылым рейтинг көрсеткіштерінің өсуіне оң ықпал жасады.
«Келін» Үндістандағы танымал телехикаялардың бірі. Кинода әлеуметтік дәстүрлер тақырыбы қозғалады. Телехикая туған ел мен қара шаңырақты сүйіп, ата дәстүрді құрметтеуге шақырады. Бұл тұрғыдан алғанда, «Келін» телехикаясы «Қазақстан» телеарнасында эфирге шығатын отбасы мен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған отандық «Қара шаңырақ» телехикаясымен сәтті үндесіп жатыр.
Сидхарт Шукхла Мумбайда дүниеге келген. 34 жаста. 2008 жылдан бері актер шеберлігін шыңдап келеді. Бұдан бұрын сән бизнесінде қызмет атқарған. «Жұлдыздармен би билеу» шоуына қатысқан. Үстел теннисімен және футболмен шұғылданады. 2013 жылы Үндінің Телевизия Академиясы Сидхартқа «Жыл әртісі» атағын берген болатын. Сол жылы жыл сайынғы «Zee Gold Awards» ТВ сыйлығының нұсқасы бойынша ол ең «денелі» актер атанды. Үндінің «Stardust» кино туралы журналы 2014 жылы оны киноиндустриядағы «Үміт күтетін жас актерлердің бірі» деп бағалаған болатын. Ал Үндінің жыл сайынғы «Filmfare Awards» киносыйлығы үнді тілінде түсірілген фильмдердегі жетістіктері үшін Сидхартты «Ерлер дебюті-2015» сыйлығына ұсынды. Қазіргі уақытта Сидхарт үндінің белгілі продюсері Каран Джохармен үш фильмге түсу үшін шартқа қол қойды.