Танымал суретші Л.Махат елордада жеке көрмесін ашты

АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында суретші Ләйлә Махаттың «Дала гүлі» атты жеке көрмесі ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Л.Махат - әлемдік деңгейдегі көркемсурет өнерінің шебері. Оның жеке көрмелері тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Түркия, Германия, Бельгия, Молдова және Англияда ұйымдастырылды. Бүгінде оның суреттері аталмыш елдердің көптеген галереяларының төрінен орын алып отыр. Л.Махат Көркемөнер академиясының құрметті мүшесі (Прага, Чехия), Еуропалық Өнер одағының лауреаты, Қазақстан-Ресей университеті дизайн кафедрасының профессоры. 27 жыл бойы сурет өнерімен айналысқан. Осы жолғы көрмеге оның мәнерлі көркемсурет жанрында майлы бояу және акрилмен салынған 60 жұмысы қойылды. Олардың ішінде «Орхонның алтын көз жасы», «Көрпе», «Көлеңке. Көгілдір», «Қара сөздер», «Садақ», «Балқашқа жол» және тағы басқалары бар. Көрменің ашылу салтанатына ҚР Парламентінің депутаттары, министрліктер мен шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты.