Автор аталған кітап ұзақ жылдар бойғы еңбегінің жемісі екендігін және онда тележурналистикадағы жаңалық жанрының қыр-сыры туралы әңгімелегендігін айтады. "Көптен бері адамдар "жас журналистерге тәжірибе беретін бір нәрсе жазбайсыз ба" деп қолқа салып жүрді. Иә деп қойып, бертінге дейін бастай алмай жүрдім. Содан 2009 жылдың 7 қазанында, жеті деген жақсы сан ғой деп бастап кеттім. Кітап еліміздің жаңалықтар төңірегінде жұмыс жасап жүрген журналистерге кішкене болса да көмегі тие ме деген оймен жазылды. ", -дейді автор.
Т.Мыңжасар жаңалықтарға Одақтың кезінде аса мән берілмегендігін, олардың бәрінің жүгін орталық теледидардан "Время" бағдарламасы алып жүргендігін айтады. "Олардың журналистері өте мықты еді, стендап жасағанда, шет ел жаңалықтарын шеберлікпен беретін. Қазір еліміздің төл тележурналистикасы қалыптасып келе жатыр. Соңғы 20 жылда осы жанр елімізде де кең етек жайып барады. Өйткені көптеген арналар ашылды, журналистер арасында бәсекелестік туып, мықты журналистер алға суырылып шығуда", -дейді Т.Мыңжасар.
Сондай-ақ ол жаңалық жанры күллі әлемді ақпаратпен сусындатып отырған өте өзекті жанр екендігін айтады. "Сондықтан бұл шынымен де "жаһанды жаулаған жанр" деп ойлаймын", -дейді автор.
Арыс баспасынан 1000 данамен шыққан бұл кітап еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығына, "Хабар" агенттігінің 15 жылдығына арналып отыр. Өйткені ондағы кейіпкерлер мен репортаждардың көбі тәуелсіздігімізді нығайту жолында атсалысып жатқан ауылдағы адамдар жайында екен. Сонымен бірге "тележурналистикаға қалай келу керек, өзін-өзі дайындау деген не, жаңалық қалай жасалады, тақырып пен кейіпкерді қалай табуға болады?" деген мәселелер жөнінде әңгіме қозғалған.
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері Тілеуқабыл Мыңжасар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1975 жылғы түлегі. «Хабар» агенттігі құрылған күннен бастап осы арнада қызмет етуде. 1998 жылдан бері «Хабардың» Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі. Сонымен қатар ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, Алматы облысының Құрметті азаматы.