Танымал түрік жазушысы Яшар Кемаль дүниеден өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенбі күні Ыстамбұлда 93 жасқа қараған шағында белгілі түрік жазушысы және қоғам қайраткері Яшар Кемаль (шын аты - Кемаль Садык Гёкчели) дүниеден өтті, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Жазушы жүрек-өкпе сырқатынан көз жұмған. Ол 15 қаңтардан бері емханада ем алып жатқан.

Кемаль қазіргі заманғы ірі түрік жазушыларының бірі. Ол бірнеше рет әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына үміткер, сондай-ақ тәуелсіз Күрдстанды және Түркияда азаматтық қоғам құрудың белсенді жақтаушысы болған. Көптеген жылдар бойы Түркияда оның кітаптарын таратуға тыйым салынған, өзі де біраз уақыт қудалауға түскен.

Қаламгердің курдтың ұлттық батыры Индже Мемед туралы, қырықтан астам тілге аударылған «Мемед» (1955) романы оның шығармаларының ішінде ерекше орын алады. Сондай-ақ Яшар Кемальдің "Темір жәшік" (1955), "Тірек" (1960), "Темір жер, мыс аспан" (1963), "Тау аңыздары" (1970), "Қарақшы" (1972) сынды туындылары аса танымал.