Танымайтын қызды алып қашқан ақтөбеліктің аппеляциялық шағымы қанағаттандырылмады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қалыңдығымен ұрысып қалған 21 жастағы Санат Өмірзақов өзге қызды алып қашпақ болғаны үшін сотталды. Аппеляциялық шағым түскенімен, үкім өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалыңдығымен бір мәмілеге келе алмаған Санат Өмірзақов жанына досы Алдаберген Жұмажановты ертіп, базар ішінде танымайтын қызды алып қашпақ болған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қылмыстық кодекстің «адам ұрлау» бабы бойынша іс қозғалып, ашық сот отырысы өтті. Айыптау қорытындысын оқыған прокурор Асылхан Сәрсенбаев сот-медициналық сараптама кезінде 20 жастағы жәбірленушінің екі иығы қанталағанын, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргенін жеткізді. 
Сот отырысы кезінде жәбірленуші айыпталушыларға кешірім беріп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Көп ұзамай сот үкімі шығып, Санат Өмірзақов 4 жыл 6 айға, Алдаберген Жұмажанов 5 жылға сотталды. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досованың айтуынша, аппеляциялық шағым түсіп, іс қаралған. Соттың алғашқы үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.