Танысын пышақтап өлтірген әйел жеті жылға бас бостандығынан айырылды
08:01, 25 Ақпан 2010
ОРАЛ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен С.Ефремова ҚР ҚК 96-бабы 1-бөліміне сәйкес ( кісі өлтіру ) жеті жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтейтін болды.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған әйел өз пәтерінде бірге тұратын А.Сәрсенғалиевпен және таныстары Э.Айвазова, В.Поздиевпен бірігіп арақ ішеді. Ұрыс-керіс үстінде С.Ефремова В.Поздиевтің жүрек тұсына бес рет пышақ сілтейді. Қылмыстың ізін жасыру мақсатында С.Ефремова мен А.Сәрсенғалиев оқиға орнында қаза болған В.Поздиевтің мүрдесін жылу трассасы құбырына қарай лақтырып тастап, өздері қашып кетеді.