Танысын пышақтап өлтірген оралдық 13 жылға сотталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты танысын пышақтап өлтірген Евгений Земляковқа үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш соттан түскен мəліметке қарағанда, Е.Земляков ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сəйкес айыпты деп танылды.

Оған 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.

Сот талқысында мəлім болғанындай, Е.Земляков 11 маусым күні кештен бастап Еуразия даңғылы, 21-мектеп маңында бір топ танысымен арақ ішкен. 12 маусымға қараған түнгі сағат 01.00 шамасында бұларға сол жерден өтіп бара жатқан, бұрыннан танитын А.Елеуов қосылған. Шамамен 03.00 сағатта бəрі тарай бастаған кезде Е.Земляков пен А.Елеуов топтан бөлініп, қалып қойған. Сол мезгілде екеуі сөзге келген. Соның салдарынан Земляков Елеуовтың   кеуде тұсына əлденеше рет пышақ жұмсаған. Марқұм оқиға орнында көз жұмған.